Елордада «шөл даланың падишасы» саналатын тораңғы ағашы отырғызылды

Елордада «шөл даланың падишасы» саналатын тораңғы ағашы отырғызылды

Мемлекет басшысы бүгін елордада өткен «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акциясында тораңғы ағашын отырғызды, деп хабарлайды turkystan.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Тораңғы – шөлді жерде өсе алатын биiк дiңгектi, жапырағы мол ағаш. Қазақ халқы тораңғы ағашын ежелден-ақ «шөл даланың падишасы» деп ерекше қастерлеп, оны отын ретінде отқа жағуға рұқсат етпеген. Ағаштың бір ерекшелігі 30 метр тереңдіктен су тарта алады. Тораңғы ағашы Қызыл кітапқа енген. 

Тораңғы ағашы Астанада алғаш рет осы акция барысында отырғызылды. Бұл ағаштың ерекшелігі – төзімділігі мен температураның күрт ауытқуына бейімделгіштігі.

Ботаникалық бақ аумағына тораңғы отырғызудың экологиялық маңызы зор: ол топырақты бекітеді, ылғалдандырып, биологиялық алуандықтың сақталуына ықпал етеді.

Қалалық сенбілікке 150 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, волонтерлер, жастар, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен әртістер, мемлекеттік органдар қызметкерлері, бизнес өкілдері және басқа да азаматтар қатысты.

Олардың әрқайсысы елорданың тазалығы мен тәртібін қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосты. Көпқабатты үйлердің тұрғындары бірігіп, өз аулаларын тазалады.

Сенбілікке 150 мыңнан астам адам, 4 мыңнан аса кәсіпорын, ұйым және мекеме қатысып, шамамен 800 арнайы техника тартылды.

Экоакция аясында Астананың барлық алты ауданында 11 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ экологиялық акция аясында Мемлекет басшысы волонтерлермен және экобелсенділермен бірге елордалық Ботаникалық бақ аумағына ағаш отырғызуға қатысты. Барлығы 150 ағаш отырғызылды, олардың қатарында емен, алма және тораңғы бар.

Сенбілік барысында кең көлемді жұмыс жүргізілді: 20 мыңнан астам аула тазартылды, 100-ден астам саябақ пен сквер абаттандырылды, 84 тарихи-мәдени нысан ретке келтірілді, 200 тонна қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ 200 әлеуметтік нысанның – мектептердің, балабақшалардың, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қорғау мекемелерінің, сондай-ақ өнеркәсіптік және бизнес нысандарының аумақтарында тазалық жұмысы жүргізілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары