Қазақстанда қант диабеті жастар арасында жиілеп барады

/
Қазақстанда қант диабеті жастар арасында жиілеп барады
istockphoto

Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандардың қатары жыл сайын артып келеді. Бүгінде ел бойынша 500 мыңнан астам адам осы дертпен ресми түрде есепке алынған, деп хабарлайды Аlmaty.tv арнасы.

Оның 95 пайызы – екінші типтегі диабет, яғни дұрыс тамақтанбау мен қозғалыстың аздығынан пайда болатын ауру түрі. Алайда бұл – тек ресми статистика. Мамандар өз диагнозын білмейтін азаматтар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Дерттің негізгі себептері

Қант диабетіне анализ тапсырғанда, қандағы қант мөлшері 6-дан жоғары болса, диабет қаупі бар деген сөз. Дәрігерлердің айтуынша, дерттің негізгі себептері – қимылдың аздығы, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ пен күйзеліс.

Ең қауіптісі – әрбір екінші адам өзінде қант диабеті барын білмейді. Көпшілігі алғашқы белгілерге мән бермей, тек дерт асқынғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Сондықтан мамандар жылына кемінде бір рет қан құрамындағы қант деңгейін тексеріп тұруға кеңес береді.

Созылмалы ауру жастар арасында да жиілеп барады

Мамандар мәліметінше, созылмалы ауру жастар арасында да жиілеп барады. Соңғы зерттеулерге сәйкес, елімізде 30 мыңға жуық жасөспірімде екінші типті қант диабетінің белгілері анықталған.

"Бұрын екінші типті қант диабеті егде жастағы адамдарда жиі кездесетін. Ал қазір семіздіктің "жасаруы" салдарынан бұл ауру 30 жастағылар арасында да көптеп тіркелуде. Халық арасында артық салмақтың көбеюі қант диабетінің де жасаруына әкеліп отыр", - деді эндокринолог дәрігер Құралай Атагелдиева.

Дәрігерлердің айтуынша, ем қабылдауды кешіктіру диабеттің асқынуына, яғни жүрек, бүйрек пен көздің көру қабілетіне зиян келтіруі мүмкін. Ал асқынған түрі тіпті адам өміріне қауіп төндіреді.

"Қант диабетінің созылмалы асқынулары көбіне ағзалардың жеткіліксіздігіне алып келеді. Ол бүйрек, көз, жүрек-қантамыр жүйесі мен аяқ тамырларына әсер етеді. Мұндай асқынулар адамдардың мүгедектікке ұшырауына және өлім-жітімнің артуына себеп болады", - деді эндокринолог дәрігер Құралай Атагелдиева.

Кардиология бөлімшесіндегі науқастардың дені қант диабетімен ауыратындар

Ақ халаттылардың айтуынша, қазіргі таңда кардиология бөлімшесінде ем алып жатқан науқастардың 70 пайызы — қант диабетімен ауыратындар. Солардың бірі — Жанар Нұралина. Ол бұл дертпен 25 жылдан бері күресіп келеді. Созылмалы аурудың асқынуынан ол бір рет инсульт, биыл қаңтарда инфаркт алған. Қазір ол Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ем қабылдап жатыр.

"2023 жылы қант диабетінің салдарынан инсульт алдым. Қазір оңалту шараларынан өтіп жатырмын. Дәрігерлер бүйрекке ерекше көңіл бөлу керек дейді, себебі креатинин деңгейім жоғары. Мұнда барлық қажетті ем-дом жасалып жатыр, ауру асқынбауы үшін кеңес беріп, бақылап отыр", - дейді науқас Жанар Нұралина.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл елде 535 мыңнан астам адам қант диабетімен тіркелген. Оның ішінде 30 мыңнан астамы 1-типтегі, ал 95 пайызы (504 мың адамнан көбі) 2-типтегі диабетке шалдыққан. Мамандардың айтуынша, диагноз қойылмаған жағдайларды ескерсек, науқастардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде ерте профилактика мен дер кезінде медициналық тексерудің маңызын көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары