Астанада сараптамалық бағытты дамытуға арналған Taldau форумының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, халықаралық ұйым өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері мен сарапшылар қатысты. Сенат жанындағы Талдау мектебі бес жыл ішінде 300-ден астам түлекті даярлап шығарды. Ендігі кезекте Қарағанды облысында «Талдау мектебінің» алғашқы өңірлік пилоттық жобасы іске қосылмақ.
«Қарағанды облысы – жоғары білім мен интеллектуалды әлеуеті зор өңір. Мұнда 8 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда мыңдаған талантты студенттер, соның ішінде 2000-нан астам магистранттар мен докторанттар білім алуда. Жоба аясында профессорлық-оқытушылық құрам, магистранттар мен докторанттарды аналитикалық қызметке белсенді тарту, зерттеу дағдыларын дамыту көзделіп отыр. Қатысушыларда жетекші сарапшылар мен тәжірибелі мамандар өткізетін дәрістер мен шеберлік сыныптары, мазмұнды оқу бағдарламасы және Қазақстанның кең ауқымды аналитикалық қауымдастығының бір бөлігі болу мүмкіндігі туындайды. Жобаға қатысу шарттары мен қатысушыларды іріктеу туралы толық ақпарат жақын арада жарияланатын болады. Біздің өңір үшін бұл – зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік», – дейді Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасынының басшысы Айсұлу Ерниязова.