«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы біртіндеп өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Жаңа экологиялық мәдениет орнығып, қоғамдық жауапкершілікке қатысты тың түсінік қалыптасуда. Анығында, бұл – нағыз патриотизм мен елге деген шынайы қамқорлықтың үлгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы барша қазақстандықтың рухани тұрғыда биік белесті бағындыруына негіз қалап отыр.
Президент биылғы Жолдауында тазалық пен табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті қоғамда терең орнығуға тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл ретте, жүздеген мың қазақстандықты ортақ мақсат төңірегінде топтастыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы ерекше маңызға ие. Оның аясында «AMANAT» партиясы апта сайын ел аумағында игі дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясын өткізуде.
Мәселен, Ақтөбе облысы Ойыл ауданында партияластар, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және қоршаған ортаға бей-жай қарай алмайтын тұрғындар Ойыл ауылының орталық көшесін ретке келтірді. Олар шамамен 2 тонна қоқыс жинап, көшеттердің айналасындағы топырақты қопсытып, құрғақ жапырақтарды жинады.
«Бүгін біз ақын әрі жырау Шернияз Жарылқасынұлы атындағы орталық көшені тазаладық. Ол XIX ғасырда Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан тұлға. Сондықтан оның есімімен аталатын көшені таза ұстау – өткенге құрмет, тарихқа тағзым. «Таза бейсенбі» акциясы арқылы біз тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін нығайтуға тырысамыз», – деді «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин.
Елордада Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектептің аумағында 100-ге жуық адам жиналды. Олардың арасында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, партияластар және Әкелер одағының мүшелері болды.
Олар бірлесіп аумақты тазалап, бірнеше сағатта 200 қаптан астам қоқыс жинады.
«Мұндай акциялар өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Балалар ата-аналарымен бірге мектеп игілігі жолында еңбек етіп, оның аумағын абаттандыруға үлес қосты. Бұл – бала тәрбиелеу ісінің пәрменді құралы», – деді мектеп директоры Лаура Сәрсембекова.
Жетісу облысы Ақсу ауданында партияластардың үндеуімен 60-қа жуық жергілікті тұрғын қолға күрек, тырма және қап алып, Жансүгіров ауылындағы саябақты тазалады.
«Шын мәнінде, тазалық – тек айналаны ретке келтіру емес. Бұл ойлау мәдениеті, келер ұрпаққа қалдыратын із. Бүгін балалар таза саябақта ойнаса, ертең олар табиғатқа жанашырлықпен қарайтын азамат болып өседі. Тазаланған қоғамдық орындар – елге деген сүйіспеншіліктің қарапайым әрі айқын көрінісі», – деді «AMANAT» партиясы Ақсу аудандық филиалының төрағасы Алма Құрманғалиева.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық өңірінде өтті.