Астанада полицейлер өзгенің ақшасын заңсыз иемденген тұрғынды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қаладағы дәмханалардың бірінде жұмыс істейтін даяшыны ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, 32 жастағы әйел келушілердің бірінің мас күйін пайдаланып, оның телефонынан банктың мобильді қосымшасын ашып, 150 мың теңгесін заңсыз иемденген.
Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Полиция азаматтарға қаржылық қауіпсіздікке мұқият болуды ескертеді. Телефоныңызды қараусыз қалдырмаңыз, PIN-код, пароль және қол жеткізу кодтарын ешкімге жария етпеңіз.