Қаржылық мониторинг агенттігі блокчейн арқылы криптотранзакцияларды бақылау барысында интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен кірістерді жылыстатуға кәсіби қызмет көрсеткен «RAKS exchange» атты криптоайырбастау сервисін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған сервис қылмыстық ортада жоғары беделге ие болған және 5 млн астам қолданушысы бар 20 ірі «Darknet» нарығымен жұмыс істеген.
Соңғы үш жыл ішінде бұл криптосервис арқылы ТМД елдеріндегі — Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова — 200-ден астам есірткі дүкенінің заңсыз кірістері ақталған.
Криптоайырбастау платформасының жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан.
Тергеу барысында 4 000-нан астам криптовалюта әмияндары зерттеліп, қылмыстық кірістер сақталған әмияндар анықталды.
Нәтижесінде сервиске тиесілі 67 криптоәмиян бұғатталды. Жалпы сомасы 9,7 млн USDT (5,2 млрд теңге) болатын цифрлық активтер уақытша тоқтатылды.
Бүгінгі күні сервис толықтай өз қызметін тоқтатты:
әлеуметтік желідегі аккаунттары жойылды;
клиенттерге қызмет көрсетуі тоқтатылды;
Darknet-тегі мамандандырылған форумдарда есірткі дүкендері тарапынан қаржылық міндеттемелердің орындалмауына қатысты жаппай шағымдар тіркелуде.
Криптосервис ұйымдастырушыларын анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Қабылданған шаралар есірткі бизнесінің көлеңкелі инфрақұрылымына елеулі экономикалық соққы беріп, жеткізу тізбектерінің логистикасын бұзып, есірткі нарықтарының айналымын азайтып, тұтынушылардың заңсыз платформаларға деген сенімін төмендетті.
Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларын тоқтату жұмыстары жалғасуда.