285
Ғалымжан Мелдешов: 2018 жылға дейін оқулықтарды ретке келтіруіміз керек
Ғалымжан Мелдешов: 2018 жылға дейін оқулықтарды ретке келтіруіміз керек
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Онда Елбасы қазақ әліпбиін біртіндеп латынға көшіру жөнінде айтқан. Осы жөнінде ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Елбасы өз мақаласында БҰҰ-дағы алты тіл бар дейді. Ол – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдері. Осы 6 тілдің 3-уі латын қарпімен жазылады екен. Сондықтан латын қарпіне көшуге байланысты біраз ойлар айтылды. 2018 жылға дейін біз оқулықтарды ретке келтіруіміз керек. Одан әрі мектеп бағдарламасына, мұғалімдерді де дайындауымыз керек», - деді ол.
Осы орайда Ғалымжан Мелдешов бұл бағытта тиісті жұмыстардың жүргізілетіндігін атап өтті.
«Сондықтан бұл мәселені біз назардан тыс қалдырмаймыз. Тіл комитетінде жүйелі түрде латын қарпімен айналысатын ғалымдардың басын қосып отырамыз. Елбасының мақаласы шыққаннан кейін біз комитет басшыларымен ақылдыстық. Алдағы уақытта олардың басын қосып, «латын әліпбиіне қалай көшеміз» деген мәселені күнтәртібіне қоймақпыз», - деді басшы.
Сонымен қатар, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары банктердің латын қаріпбиіне көшіп кеткендігін мысалға келтірді.
«Латын қарпіне банктер көшіп кетті ғой. «КазКом» банкі қазір «Qazkom» деп өзгерді. «Қазақ банкі» де латын қарпін қолданып жүр. Мен бұл мәселеде аса қиындық туады деп ойламаймын», - деді ол.
Сөз соңында ол «қазақ» сөзінің латын әліпбиінде «q» әрпімен жазылуы маңызды екендігіне тоқталды.
«Жақында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «қазақ» сөзінің латын қарпінде жазылуына байланысты пікірін білдірді. «Q» - ерекше әріп. Біз одан айырылмауымыз керек. Қазіргі латын үлгісіндегі «Kazakhstan» деген үлгі «Qazaq» деген тәртіпті бұзып отыр. Егер латын қарпіне көшіп, «Qazaq» деген сөзде «q» әрпін қолдансақ, ол өзінің табиғи қалпын сақтайтын болады. Сондықтан біз латын қарпіне көшу мәселесін қолдап, мүмкіндігінше осы бағытта жұмыс істейміз», - деп түйіндеді ойын Ғалымжан Мелдешов.