24 қыркүйекте ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы жүйесін цифрлық тұқым қозғалысын бақылау жүйесін өндіріске енгізу негізінде жетілдіру мәселелері бойынша өңірлік семинар-кеңес өткізді.
Ұлттық ғылым академиясының президенті А. Күрішбаев кіріспе сөзінде саланы қарқындатудың және егістік жерлердің өнімділігін арттырудың басты факторларының бірі – сапалы тұқымдарды қолдану екенін атап өтті. Сондықтан да, егіншілікте әрқашан тұқым шаруашылығының дамуына ерекше мән берілген, өйткені ол саланың негізі болып табылады. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, дақылдардың өнімділігінің 25%-ы тұқым сапасына байланысты.
Өкінішке қарай, Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Мұндай жағдайдың себептерінің қатарында сорт жаңартудың және сорт алмастырудың болмауы, сапасыз тұқымдарды пайдалану, кей жағдайда тұқымдық материал ретінде тауарлық астықты қолдану бар.
Мәселен, 2012 жылдан 2021 жылға дейін Қазақстанда дәнді дақылдардың орташажылдық өнімділігі небәрі 6%-ға өсіп, 12 центнер деңгейінде қалды. Ал табиғи-климаттық жағдайы бізге ұқсас Канадада бұл көрсеткіш 28%-ға өсіп, гектарына 38 центнерге жетті.
Барлық дамыған елдерде тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесі бар. Ол нақты әрі өзекті ақпарат алуға және тұқымдық әрі отырғызу материалдарының оригинатордан тауар өндірушілерге дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген 2024–2028 жылдарға арналған тұқым шаруашылығын дамыту кешенді жоспарында тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесін әзірлеу көзделген.
Осыған байланысты, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғалымдарымен бірлесіп тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесін әзірлеп, авторлық куәлік алды. Президент атап өткендей, бүгінгі семинар-кеңесте бұл жүйе тек таныстырылып қана қоймай, пилоттық режимде іске қосылады.
Ол аталған цифрлық жүйенің маңыздылығына тоқтала отырып, оны тәжірибеге енгізу мынадай мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті:
• Біріншіден, мемлекеттік органдарда тұқым шаруашылығының жағдайы туралы нақты әрі өзекті ақпарат болады. Бұл деректер саладағы олқылықтарды, проблемаларды анықтап, негізінде дұрыс басқарушылық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
• Екіншіден, тұқымдар мен отырғызу материалдарын өндіру және өткізу бойынша барлық технологиялық процестердің толық ашықтығы қамтамасыз етіледі.
• Үшіншіден, жалған көрсеткіштерге жол берілмейді, бұл мемлекеттік субсидияларды заңсыз алуға тосқауыл болады.
• Соңында, өсімдіктердің сорттарының авторларына роялти мен сыйақылар төлеу мәселесінде тәртіп орнату мүмкіндігі туады.
Семинар-кеңес жұмысына Академия президенті А.Қ. Күрішбаев, Алматы облысының әкімі М.Е. Сұлтанғазиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басшылығы, ФАО халықаралық сарапшылары, ірі фермерлер, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен бизнес өкілдері, Алматы облысының аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілері, жетекші халықаралық және отандық ғалымдар-эксперттер, ЖОО ректорлары, ҒЗИ басшылары мен жас ғалымдар қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша Алматы облысының тұқым шаруашылығы субъектілері базасында тұқым қозғалысын бақылаудың цифрлық жүйесін пилоттық режимде іске қосу басталды.