433
Қырғызстанда екпеден бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін
Қырғызстанда екпеден бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін
Қырғызстан парламенті балаларына вакцина егуден бас тартқан ата-аналарға айыппұл салу мәселесін талқылап жатыр. Екпеден бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін.
Осы заң жобасын ұсынғандардың пікірінше, бұл шара түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға жол ашады. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары жұрт түрлі сылтаумен балаларына екпе салдырудан бас тартып жүр. Ал бұл түптеп келгенде елде індеттің кең таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Осыдан бір жарым жыл бұрын, Қырғызстанда қызылша індеті тіркелген болатын. Бұл дерт 18 мың балаға жұққан. Мамандар індеттің пандемияға айналуына жол бермеу керек дейді. Сол үшін елдегі екі жарым миллионға жуық балаға вакцина егілген. Кезінде балалар мен жасөспірімдер қызылшаға қарсы екпе жүрген кезде түгел қамтылмай қалса керек. Жағдайдың ушығып кетуіне себеп болған нәрсе осы.
Альфия Самигуллина, ҚР Жогорку Кенеш депутаты:
- Егер вакцина екпеген балалардың саны 10 пайыздан асса, мұның соңы індетке әкелуі мүмкін. Ал бұл тек егуден бас тартқан балалардың денсаулығына ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Ол балабақшалар, мектептер мен өзге де орындар. Індет кезінде бүкіл дәрігерлік мекемелер мен балабақшалар карантинге жабылған болатын. Ата-аналар вакцинадан әртүрлі себеппен бас тартып жатады. Кейбірі оны қажетсіз деп санаса, тағы біреулер екпенің денсаулыққа зияны тие ме деп қауіптенеді. Діни себеппен де бас тартатындар бар.
Жолдош Калилов, иммунопрофилактика орталығының директоры:
- Әсіресе жас ата-аналар бұған қарсы. Жасы үлкен адамдар әдетте түсіністікпен қарайды. Тіпті қажылыққа аттанған кісілер менингитке, тұмауға қарсы егу алады. Олар бас тартпайды, бәрін түсінеді.
Чынара Доолотова, Бішкек тұрғыны:
- Егу керек деп санаймын. Мысалы, мына саябақта балалар көргеннің бәрін қолымен ұстайды. Егер балаға вакцина егілсе, індет жұқтырады деп қорықпайсың. Қолын жуса жетеді. Ал егілмесе, не болатынын білмейсің, ауырып қалуы мүмкін. Індеттің таралуына жол бермес үшін, депутаттар вакцина егуден негізсіз бас тартқан ата-аналарға айыппұл салуды ұсынып отыр. Оның мөлшері әлі белгіленбеген, бірақ қомақты болатын түрі бар. Себебі қалтасына ауыр тимесе, ата-ана егуден жалтара бермек. Сонымен қатар, депутаттар заңда сапасыз немесе тексерілмеген вакцина еккен дәрігерлерге де жаза тағайындамақ.