Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Жиында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың нәтижелері, мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру жолдары және партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру барысы талқыланды.
Кеңес отырысына «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров, партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Абзал Құспан Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, Мұқаш Ескендіров және кеңес мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің қоғамдағы әділдікті орнатуда маңызы зор екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның үздіксіз дамуының басты аспектісі екенін әрқашан айтып келеді. Бұл ретте аймақтық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жоспарлауда және қабылданған шешімдерді орындаудағы жауапкершілігін күшейту қажет. Сонымен қатар құқық қорғау органдары кәсіпкерлердің жұмысына орынсыз араласуды, орта және шағын бизнестің дамуына кедергі келтіруді тоқтатуға тиіс. Біздің басты мақсатымыз – адал еңбекті бағалайтын, әділдік үстемдік құрған қоғам қалыптастыру. Бұл жолда барлық деңгейдегі мемлекеттік органның ашықтығы мен есептілігі, ал бизнестің еркін дамуы айрықша маңызға ие. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлде төзбеушілік танытып, алдын алу шараларын күшейту қажет», – деді Ерлан СаирСаиров.
Жиын барысында кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жай-күйіне талдау жасады. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері облыста 92 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген, оның 79-ы сотқа жолданған. Мемлекетке келтірілген 694,5 млн теңге залалдың 85 пайызы өтелген. Жемқорлық деректері негізінен жергілікті атқарушы органдарда, полиция құрылымдарында және квазимемлекеттік секторда тіркелген. Жалпы 79 адам жауапқа тартылып, олардың ішінде облыстық деңгейдегі 4 басшы бар.
Бұдан бөлек, кеңес барысында «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының орындалуына қатысты да деректер айтылды. Маңғыстау облысы бойынша осы жылдың Жол картасына енгізілген 88 іс-шараның 32-сі толық орындалған. Тағы 55 тармақ орындау кезеңінде тұр, ал 1 іс сот процесінің жүруіне байланысты уақытша тоқтатылған.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде партияның облыстық филиалына Жол картасында көзделген іс-шаралардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
«Жол картасында белгіленген тапсырмаларды толық әрі тиімді орындалуын облыстық филиал қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – халықтың партияға деген сенімін нығайтудың басты тетігі. Сонымен қатар өңірге бекітілген Мәжіліс депутаттары осы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, олардың орындалуына жеке жауапкершілікпен қарауы қажет. Әрбір депутат өзінің сайлауалды уәделерін орындау ісінде белсенділік танытып, халықпен кері байланысты күшейтуге тиіс», – деді Ержан Жылқыбаев.
Сонымен қатар кеңесте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 2025 жылы Маңғыстау облысында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Олардың қатарында Жаңаөзен–Ақтау магистральдық газ құбыры, қуаты жоғары тұщыландыру зауыттары, жаңа мектептер мен ауруханалар бар. Әкімнің айтуынша, бұл жобалар өңірдің тұрақты дамуына, сондай-ақ энергетикалық және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Мемлекет Басшысының соңғы Жолдауында қойылған стратегиялық міндеттер біздің жұмысымызға нақты бағыт береді. Президент халық табысын арттыру, ең төменгі жалақыны өсіру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын жаңғырту, жолдардың сапасын 95%-ға жеткізу және экологиялық ахуалды жақсарту жөнінде тапсырмалар жүктеді. Бұл бастамалар біздің Жол картасында көзделген шаралармен толық үндесіп отыр. Сондықтан алдағы міндетіміз – Жол картасы мен Жолдаудағы тапсырмаларды ұштастырып, нақты нәтижеге қол жеткізу», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру, азаматтардың шағымдарына жедел жауап беру және қоғам тарапынан бақылауды күшейту бағытында ұсыныстарын білдірді.
Кеңес қорытындысында нақты тапсырмалар беріліп, жауапты органдардың жұмысына жүйелі бақылау жүргізу және жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды күшейту қажеттігі айтылды.