159
Елбасы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады
Елбасы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады
Қазақстан Президенті Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына еліміздің Қарулы Күштерінің қазіргі ахуалы мен армия алдына қойылған міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берілді. Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштерді жасақтау қарқынды жүргізіліп келе жатқанына тоқталып, бұл жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Қыста да, жазда да әскери оқу-жаттығу шаралары өткізілді. Әскеріміздің соғысқа қабілеттілік деңгейі жоғары. Тәртіп жақсарғаны байқалады», - деді Елбасы. Қазақстан Президенті әскерді қару-жарақтың және әскери техниканың жаңа түрлерімен қайта жарақтандыру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру, еліміздің аумақтық қауіпсіздігі мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударды.
С.Жасұзақов Мемлекет басшысына әскердің соғысқа қабілеттігі деңгейін, Қазақстан әскері қатарындағы тәртіп пен жинақылықты сақтау шараларының атқарылу барысы туралы мәлімдеді.
«Бүгінде Қарулы Күштер қатары 93% деңгейінде жасақталды. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш 2015 жылы 89% болған еді. Қазіргі уақытта офицер, сержант және қатардағы сарбаз құрамдарын жасақтау үшін әскерге келісімшарт бойынша шақыру жұмыстары жүргізілуде. Мерзімді әскери қызмет қатарына алынатындар санын арттырдық. Биыл әскердің барлық түріне 34 мыңға жуық мерзімді әскери қызметшіні шақыру жоспарланып отыр», - деді Қорғаныс министрі. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.