502
Мысыр мен Қазақстан: ынтымақтастық ұлғая түспек
Мысыр мен Қазақстан: ынтымақтастық ұлғая түспек
Қазақстан мен Мысыр мыңжылдықтар мақсатына табысты қол жеткізу үшін ынтымақтаса жұмыс істемек. Бұл жайында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабпен өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі барысында Оңтүстік-Оңтүстік даму жөніндегі Мысыр академиясының жобалық директоры Мохамед Аль Ессауи мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Мысыр өңірлік даму тұрғысында жеке-жеке көп іс тындыруда. Ал ендігі уақытта біз бірлесе отырып, «Оңтүстік-Оңтүстік» бағытын дамытуда үлкен жоспарларды жүзеге асыруға қол жеткізетін боламыз. Хаб пен Академияның бірлескен жұмысы қоғамдық дамытуға және Мыңжылдықтар мақсатына қол жеткізу тұрғысында әлемді жақсарта түсуге септігін тигізеді», - деді ол.
Мохамед Аль Ессауидің атап өтуінше, Астана өңілік хабы мен Мысыр Оңтүстік-Оңтүстік даму жөніндегі академиясы үздік тәжірибелерін бір-бірімен алмасатын болады. Айта кетерлігі, өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумына Қазақстан тарапынан Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов қол қойған болатын. «Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы» термині дамушы елдер арасындағы ынтымақтастықты белгілеу үшін қолданылады.