Былтыр Қазақстанға 6,5 миллион турист келген

Былтыр Қазақстанға 6,5 миллион турист келген

Былтыр Қазақстанға 6,5 миллион турист келген
ашық дереккөзі
218
2017 жылдың басында жасалған сауалнамалық зерттеуге 10,05 мың шетелдік турист қатысты деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Жалпы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға 6,5 млн шетелдік қонақ келген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 1,2%-ға артық. Шетелдік туристердің келу қарқыны осы күйінде сақталатын болса, 2017 жылы Қазақстанға кемінде 6,6 млн турист келіп, олар ел экономикасына 637,5 млрд теңге кіргізбек. Олардың 53%-ы ер адамдар болса, 47%-ы әйелдер. 24,5%-ы іскерлік мақсатта немесе жұмыс бабымен, ал қалған 75,5%-ы жеке бас себептерімен Қазақстанға ат басын тіреген. Салыстыру үшін айта кетейік, бір жыл бұрын іскерлік мақсатта және жұмыс бабымен келгендердің үлес салмағы 21,3% болған еді. Ал олардың жұмсаған қаржысын есептер болсақ, бизнес-туристердің Қазақстанда жұмсаған ақшасы жалпы шетелдік туристер шығынының 42,1%-ын құрады. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 40,2%, яғни 408,9 млн теңге болған-ды. Шетелдік туристің жұмсайтын ақшасы орта есеппен 96,7 мың теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22%-ға артық. Ал бизнес-туристердің жұмсайтын ақшасы жеке шаруамен келушілер жұмсайтын қаржыға қарағанда 2,2 есе артық болып шықты. Нақтырақ айтар болсақ, іскерлік мақсатта және жұмыс бабымен келушілер орта есеппен 165,8 мың теңге жұмсаса, жеке бас себептерімен келушілер Қазақстанда 74,3 мың теңге жұмсайды екен. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Қазақстандағы шетелдік туристердің ең көп қаржы жұмсайтыны халықаралық бағыттағы көлік шығындары болып шықты. Жалпы жұмсалатын қаржының 33,4%-ы осы секторға тиесілі. Одан кейінгі орында тауар сатып алу. Соның ішінде 24,4%-ы кәдесыйға, 23,8%-ы киім мен аяқ киімге, тағы 22,9%-ы асыл тастар мен металлдар, антиквариат пен көркемөнер туындыларын сатып алуға жұмсалатын көрінеді. Ал үшінші орында тамақ сатып алуға жұмсалатын ақша. Туристердің қалдыратын қаржының 16,2%-ы тамақтануға кетеді екен. Шетелдік туристердің тек 1,7%-ы ғана Қазақстанға бір күнге келетін болса, қалғандары екі немесе одан да көп күнге келеді. Туристердің 54,5%-ы таныстары мен туыстарына түссе, 26,8-ы қонақүйге, 12,8%-ы жалдамалы пәтерге, тағы 2,1­%-ы шипажайларға орналасқан.  

Серіктес жаңалықтары