Ақтөбе облысында жүзден астам киік өзенге батып кеткен (ВИДЕО)

/
Ақтөбе облысында жүзден астам киік өзенге батып кеткен (ВИДЕО)
Коллаж: Turkystan.kz

Ақтөбе облысында жүзден астам киік өзеннен өткенде батып кеткен. Экологтар мен ветеринарлар оқиғаның себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 13–15 қыркүйек күндері Әйтеке би ауданындағы Қайрақты өзенінде болған. Әлеуметтік желілерде қырылған жануарлардың видеосы тарады.

Оқиға орнына экология, ветеринария қызметінің және инспекция мамандары барды. Жануарлар судан шығарылып, көмілді. Қырылғандардың арасында 60 ұрғашы және 48 мүйізді киік болған.

«Бұл жерден шамамен 10 мың киік өтті, олар су ішуге келген. Қайрақты өзенінің бір жағында жарқабақ пен қалың қамыс бар. Біз киіктер өзеннен өткен кезде бір-бірін таптап кеткен деп болжаймыз. Экологтар мен ветеринарлар судан сынама алды. Оқиға орнында 22 адам мен 8 техника жұмыс істеді», – деді Ақтөбе облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаев.

Оның айтуынша, көктемде киіктер азық пен салқын іздеп көшсе, күзде оңтүстікке қайта оралады. Ақтөбе облысында шамамен 300 мың киік бар. Қазір жануарлар Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарына көшіп бара жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары