Қырғыздың Жалал-Абад қаласына Манас атауы беріледі

/
Қырғыздың Жалал-Абад қаласына Манас атауы беріледі
Фото: kabar.kg

Жогорку Кенеш депутаттары Жалал-Абад қаласын Манас қаласы деп қайта атау туралы заң жобасын үш оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Құдайберген Базарбаевтің мәліметінше, бұл заң жобасы ұлттық идеологияны нығайтуға, Жалал-Абад қаласына ұлы Манастың — тарихи тұлға, халық батыры, қырғыз халқын түрлі шапқыншылықтардан қорғаушының атын беруге бағытталған. Қаланы қайта атауға шамамен 15 млн сом жұмсалмақ.

Жалал-Абад қаласын қайта атау және оған әкімшілік астана мәртебесін беру мәселесі жөнінде бұған дейін қырғыз саясаткері Феликс Кулов өзінің Facebook парақшасында пікір білдірген.

Оның айтуынша, Жалал-Абадтың атауы Манасқа өзгергеннен кейін оның мәртебесін күшейтуге бағытталған белгілі бір шаралар қабылдануы тиіс.

— Нидерланд жолын ұсынар едім. Бұл елдің астанасы — Амстердам, бірақ Гаагада үкімет, парламент және монарх орналасқан. Немесе үш астанасы бар Оңтүстік Африка: Претория (әкімшілік), Кейптаун (заң шығару), Блумфонтейн (сот). Неге біз де осындай нұсқалардың бірін қарастырмасқа? Мысалы, Манас қаласына әкімшілік астана мәртебесін беріп, алдымен сонда жоғары заң шығарушы орган — Жогорку Кенешті көшіруге болады. Сондай-ақ оңтүстікке кейбір министрліктерді, мекемелерді және ірі мемлекеттік корпорацияларды орналастыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте Бішкекті де аздап жеңілдетер едік, — деп пікір білдірді саясаткер.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары