Президент Жолдауы айқын бағыт береді: Қазақстан – заманауи, қауіпсіз әрі әділетті мемлекет болуға тиіс. Бұл туралы ҚР Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің Төрағасы Бақтияр Мәкен айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған қарапайым, бірақ аса маңызды бір ой бар: «Заң мен тәртіп – мемлекетіміздің берік тірегі».
Бүгінгідей әлемді тұрақсыздық пен сын-қатерлер дендеген уақытта бұл құндылықтар әрбір қадамымыздың іргетасы болуға тиіс. Заң мен тәртіпсіз цифрлық серпіліс туралы да, өндіріс дамуы немесе азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты жөнінде де сөз қозғау мүмкін емес.
«Нөлдік төзімділік» қағидаты нені білдіреді?
Бұл жай ғана ұран емес, бұл – нақты қағида: тұрмыстық дау-дамай мен қоғамдық орындардағы әдепсіздіктен бастап, ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлыққа дейін – заң бұзушылыққа ешқандай кешірім болмауы керек. Әрбір азамат Қазақстанда заңды бұзғандар міндетті түрде жауапқа тартылатынын білуге тиіс.
Ішкі істер органдары үшін бұл – жаңа жұмыс мәдениетін қалыптастыру деген сөз. Яғни, адамға бағдарланған, әділ әрі ашық қызмет атқару. Статистика үшін жазалау емес, қоғам тыныштығын қорғау басты міндет болуы қажет. Азаматтардың полицияға және мемлекетке деген сенімі осылай қалыптасады.
Қоғам үшін бұл – жеке жауапкершілікті сезіну. Біз заң бұзушылықты көре тұра көз жұма қараудан арылуымыз керек. Әдепсіздікке, зорлық-зомбылыққа, заңға немқұрайлылыққа төзбеуді үйретуіміз қажет.
Ұлы Абай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Бүгінгі күн тұрғысынан бұл – тек сенім мен өзара құрметке сүйене отырып, біз Әділетті де Қуатты Қазақстан құра алатынымызды білдіреді.
Президент Жолдауы айқын бағыт береді: Қазақстан – заманауи, қауіпсіз әрі әділетті мемлекет болуға тиіс. Ендігі міндет – осы сөздерді шынайы іске айналдыру.
Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес. Бұл – әрбір азаматтың таңдауына байланысты. Ал сол таңдау – елдің болашағын айқындайды.