Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізіп келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге жанашырлықты арттыру.
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында өткен акция барысында аудан орталығындағы басты көшелердің бірі қоқыстан тазартылып, абаттандырылды. Іс-шараға жастар, партия белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Түркістан облысы Кентау қаласында да «AMANAT» партиясының бастамасымен және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Таза бейсенбі» экоакциясы өтті. Қатысушылар Абылайхан даңғылы бойын күл-қоқыстан тазартып, жасыл желектерді күтіп-баптады. Жастар мен партия мүшелері қоршаған ортаны қорғауға, туған жерді таза ұстауға үлес қосып, көпшілікке үлгі көрсетті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Арман Басаров, «Жастар рухы» жастар қанатының қалалық төрағасы Диас Дәуренұлы, Кентау қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Сұлтан Бақытұлы және белсенді жастар қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында әуежай мен Новоникольское ауылы арасындағы жол бойында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар жол жиегін тұрмыстық қалдықтардан, қураған шөп пен пластикалық қалдықтардан тазартып, ауданның маңызды көлік жолын ретке келтірді.
Сондай-ақ Абай облысы Үржар аудандық филиалының белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымының мүшелері бірігіп, Үржар ауылындағы спорт алаңын тазалап, ауыл жастарына таза әрі қолайлы демалыс орнын қалпына келтірді. Акция барысында жалпы аумағы 0,5 гектарды құрайтын футбол алаңы мен стритворкаут алаңы қоқыстан толық тазартылды. Нәтижесінде шамамен 1 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып шығарылды. Тазалық жұмыстарына 30-дан астам адам қатысып, өз қолдарымен ауылға жаңа тыныс сыйлады.
Қызылорда облысы Шиелі ауданының Иіркөл ауылдық округінде ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары Ыбырай Жақаев ескерткіші маңында өтті. Акцияға 40-қа жуық адам қатысты.
«Тазалық тек сыртқы көрініс емес, ол – ішкі мәдениеттің де көрінісі. Біз әр апта сайын тазалық акциясын өткізу арқылы аудан тұрғындарын табиғатты аялауға, айналаны таза ұстауға, тазалық мәдениетін сақтауға үлес қосып келеміз», – деді аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова.
Қарағанды облысының Саран қаласында өткен акция нәтижесінде Коммуналдық базар аумағынан 3 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Іс-шараға партияның белсенді мүшелері, мәслихат депутаттары және туған қаласының тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындар қатысты.
Шымкент қаласында жыл басынан бері 34 рет ұйымдастырылған акцияға 2500-ден астам тұрғын қатысқан. Бұл жолғы акция Еңбекші ауданының Нәзір Төреқұлов және Орынбай ақын көшелерінің қиылысында өтті. Қатысушылар жол жиегін қоқыстан тазалап, арам шөптерді шауып, қураған ағаш бұтақтарын кесті. Сонымен қатар арнайы техниканың көмегімен өзен арнасын қоқыстан арылтты.
«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы да тазалық жұмыстарын ұйымдастырудан шет қалмады. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында еріктілер балаларға арналған коррекциялық орталықтың айналасын тазалап, ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетті.
БҚО-да тазалық акциясын бұл жолы «AMANAT» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы ұйымдастырды. Игі іске аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың белсенділері мен аудандық спорт клубының ұжымы атсалысты. Қатысушылар Қаратөбе ауылындағы тарихи маңызы зор нысандардың бірі — «Алаш» паркін қоқыстан тазартты.
«Алаш Орда басшылығының, әсіресе Батыс Алаш Орда өкілдерінің Жымпиты мен Қаратөбе өңірінде белсенді қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Осы тұрғыда, Алаш мұрасын дәріптейтін «Алаш» паркі мен музейінің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу — әрбір аудан тұрғынының азаматтық борышы деп білеміз», — деді аудандық Жастар рухы белсендісі Фариза Серік.
Ақтөбедегі партияластар Қарғалы ауданындағы «Нұрбұлақ» бұлағының маңын тазартты. Экологиялық акцияға 40-ға жуық ерікті қатысып, тоннаға жуық қалдық шығарды. Сондай-ақ олар темір қоршауларды сырлап, жолаушылар аялдайтын орынды ретке келтірді.
«Таза бейсенбі» акциясы қолға алынған сәттен бастап, 1000-нан астам учаске тазаланып, абаттандырылды. Су қоймаларының, өзендер мен көлдердің жағасында санитарлық жұмыстар жүргізілді. Каспий теңізінің жағалауын, Балқаш және Зеренді көлдерін, Кеңгір су қоймасын, Ертіс, Нұра, Есіл, Талас өзендерін қоса алғанда, 100-ден астам су нысандарын тазалау жұмысы қолға алынды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.