Қазақстанда ең жоғары жалақыны қай қаланың тұрғындары алады?

/
Қазақстанда ең жоғары жалақыны қай қаланың тұрғындары алады?
istockphoto.com

Қазақстанда экономикалық теңсіздік тереңдеп жатыр. 2023 жылы ең кедей 10% және ең ауқатты 10% азаматтардың табысы арасындағы айырмашылық рекордтық 6,2 есеге жетті, деп хабарлайды turkystan.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,9–6 деңгейінде болған. Сарапшылар халықты 10 топқа бөледі. Бұл ретте кедейлер қатарына алғашқы 10%-ды ғана емес, келесі төрт топты да қосуға болады: олардың жан басына шаққандағы табысы 85 мың теңге мөлшеріндегі ең төменгі жалақыға да жетпейді. Халықтың осы жартысы елдің жалпы табысының тек 30,2%-ын ғана иеленеді.

Ал ең ауқатты 10% қазақстандықтар барлық кірістің төрттен біріне жуығын (24,1%) жинайды. Дегенмен, бұл топтың ішінде де айырмашылық үлкен: айына 181 мыңнан 1,6 млн теңгеге дейін. Яғни 200 мың теңгеден аз табыс табатындар да «ең ауқатты» санатына кіріп кетеді. Шын мәнінде, нағыз байлар осы шартты топтың аз ғана бөлігін құрайды.

2024 жылы қазақстандықтардың тек 3,3%-ы ғана 1 млн теңгеден көп табыс тапқан, ал 100 мың теңгеден аз жалақы алатындар саны олардан шамамен бес есе көп — 6,1%.

«Миллионерлердің» ең көп үлесі Маңғыстау (14,5%) және Атырау (11,5%) облыстарында, сондай-ақ Алматы (6%) мен Астанада (4,8%) тіркелген.

Ал ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің ең үлкен үлесі Түркістан (11,1%), Солтүстік Қазақстан (10,3%) және Жамбыл (10%) облыстарында. Бұл өңірлер кедейлік деңгейі бойынша да алдыңғы орында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары