Полицияға Бурабай ауданы Кенесары ауылы маңында өз-өзіне қол жұмсау әрекеті туралы хабар түсті. Белгісіз адам «102» нөміріне қоңырау шалып, ауыл сыртындағы биік жерде бір азаматтың өмірмен қоштасқысы келетінін жеткізген, деп хабарлайды turkystan.kz Азаттық рухына сілтеме жасап.
Ақпарат бірден Ақмола облыстық ПД патрульдік полициясына жолданып, аға лейтенант Ермек Самарханов пен Нұрдәулет Оралбайұлы дереу оқиға орнына аттанды.
Полиция өтініш берушімен байланыс орнатып, ер адамның орналасқан жерін нақтылады. Сигналдан кейін небары 20 минут ішінде тәртіп сақшылары оны «Астана – Петропавл» автожолының 275-шақырымында, трассадан 500 метр қашықтықтан тапты.
Зардап шегуші ауыр жағдайда болған: қатты қан кеткен. Полицейлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жарасын таңып, жедел түрде қызметтік көлікке отырғызды.
Уақыттың әр минуты қымбат екенін түсінген тәртіп сақшылары жедел жәрдемді күтіп отырмай, жолда қарсы алуды жөн көрді. 256-шақырымда олар зардап шегушіні дәрігерлерге тапсырды.
Сонымен қатар, полиция көлігі жедел жәрдемді Щучинск қаласына дейін жолсерік ретінде ертіп барды. Бұл шешім тығыз жол трафигінде көліктің үздіксіз және жылдам қозғалуына мүмкіндік берді.
Дәрігерлер мен полицейлердің жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында азаматтың өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, жас жігіт жеке қарым-қатынасқа байланысты күйзелістен осындай әрекетке барған.