Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Ұлытау облысындағы денсаулық сақтау жүйесінің мүшкіл хәліне назар аударып, Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, тұрғындар сапалы ем ала алмай Қарағанды мен Астанаға сабылып жүр.
«Денсаулық – басты байлығымыз! Бірақ Ұлытау өңірінде аудандық, облыстық ауруханалардан көмек таппаған жұрттың жанайқайы күшейіп барады. Егер батыл шешім қабылдамасақ, жағдай одан әрі күрделенеді», – деді Әлтай.
Оның сөзінше, Жезқазған қаласындағы облыстық аурухананың онкология бөлімінде небәрі 30 орын, ал перинаталдық орталықта 106 ғана төсек бар. Сонымен бірге кадр тапшылығы айқын сезілуде: перинаталдық орталықта тек 2 анестезиолог-реаниматолог пен 6 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Онкология бөлімінде бар-жоғы 3 дәрігер мен 7 орта медицина қызметкері қалған.
Депутат жаңа көпсалалы клиникалық орталық салу қажеттігін ерекше атап өтті.
«Онкология мен перинаталдық көмек бағытында заманауи аурухана кешенін тұрғызу – уақыт талабы. Бұл аймақ халқының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етеді», – деді ол.
Әлтай Ұлытауда болған қайғылы оқиғаға да тоқталды. Жаңаарқа ауданында қарапайым аппендэктомия алдында төрт баланың анасы көз жұмған.
«Қажетті құрал-жабдықтың жоқтығы, дәрі-дәрмек тапшылығы, аллергиялық сынаманың жүргізілмеуі және мамандардың салғырттығы осындай қасіретке себеп болды. Бұл – өңірдегі медицинаның қордаланған дағдарысын көрсететін мысал», – деді депутат.
Тұрғындар әлеуметтік желілерде де шағымдарын жасырмайды. Олар істемейтін КТ аппараты, дәрігерлердің жетіспеушілігі, дөрекі қарым-қатынас, дәрі-дәрмек тапшылығы, тазалықтың төмендігі және зейнет жасындағы біліксіз мамандардың әлі де жұмыс орындарын ұстап отырғанын ашық айтуда. Ауылдарда жедел жәрдем көліктерінің жоқтығы немесе әбден ескіргендігі де күрделі мәселе.
Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс айтты:
- Ұлытау облысында заманауи көпсалалы клиникалық орталық (онкология, перинаталдық және жедел жәрдем бағыттарымен) салуды бастау;
- Облыстық және аудандық ауруханаларды толық аудиттен өткізіп, қайта жаңғырту;
- Ауылдарға тар бейінді мамандарды тарту үшін «дағдарыс кадрлық квотасы» бағдарламасын енгізу (тұрғын үй, көтерме жәрдемақы, қосымша жалақы қарастыру);
- Әрбір ауруханада «пациентке бағытталған» басқару моделін енгізу және қоғамдық бақылау орнату;
- Ауыл дәрігерлерін жаңа жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз ету.
«Халық денсаулығы – ұлт болашағы. Ұлытау өңірінің тұрғындары сапалы медициналық көмекке әбден лайық», – деді Аманжол Әлтай.