Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару екі бағытта жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түркістан облысында соңғы үш жылда 1 миллион гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, 2022 жылы 520 мың гектардан астам, 2023 жылы 330 мың гектардан астам, ал 2024 жылдың өзінде 70 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылған. Биыл жыл соңына дейін қосымша 110 мың гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге оның 60,1 мың гектары қайтарылды. Бұл жерлер кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында жеке тұлғаларға берілгенімен, жылдар бойы пайдаланылмай келген.
Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, өңірдің жалпы жер қоры – 11 млн 610,3 мың гектар. Қазір пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару мақсатында облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
«Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару екі бағытта жүзеге асырылып жатыр. Бірінші бағыт – Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспар аясында жүргізілсе, екінші бағыт жұмыс тобы анықтаған ортақ жайылымдарды қайтару жоспары бойынша іске асып келеді. Қазір Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 403 жер пайдаланушыға тиесілі 124,3 мың гектар жайылым жерге қатысты құжаттар қаралып, нұсқамалар жолданып жатыр. Сонымен қатар аудан және қала әкімдіктері бекіткен жоспарлар ауылдық округтер кесіндісінде әзірленіп, бекітілген», - делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта.