Белгілі айтыскер ақын, марқұм Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан әлеуметтік желіде жазба жариялап, көпшілікке өтініш айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол рэп жанрында шығармашылыққа қадам басқанын мәлім етті. Сондай-ақ, ата-анасын қатты сағынатынын айтып, көзі тірісінде олармен араласқан жандарға амандық тіледі.
«Мен – Оразалы Досбосынов пен Ажар Түзелбекқызының ұлы Нұрсұлтан Доспосыновпын. Енді шығармашылық жолымды NRS деген атпен жалғастырып, халықтың алдында жаңа қырыммен шығуға бел будым. Маған сеніп, демеу көрсетіп, әрдайым жанымнан табылып жүрген барша жандарға шексіз алғысымды білдіремін! Сіздердің қолдауларыңыз – менің алға ұмытылуыма, армандарымды жүзеге асыруыма үлкен шабыт береді. Жақында алғашқы авторлық туындым жарық көреді. Бұл менің жүрегімнен шыққан ерекше дүние, сондықтан еңі алғашқылардың бірі болып тыңдағыңыз келсе, менің Instagram-дағы парақшама тіркеліп қойыңыз. Қолдау білдіріп, бірге болайық.
Расында да, мен әке-шешемді қатты сағынамын... Өкінішке орай, оларды қанша жерден сағынсақ та, бұл өмірге қайта оралмайды. Бірақ сол кісілердің көзін көрген, бірге жүрген достары мен сырластары, таныстары аман болсын деп тілеймін. Егер осы видеоны көріп отырған жандардың арасында, ата-анамды танитын болса, олармен араласқан жандар болса сіздерге өтінішім бар: менің алға қойған мақсаттарыма жетуіме тілеулес болыңыздаршы! Осы өмірде кісілердің артында қолған аманат – менмін», – деді Нұрсұлтан Досбосынов.