Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Бұл туралы Мемлекет басшысы ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек.
Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер.
Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды.
«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс», – деді Қ. Тоқаев.