Ақтөбе облысында үздік жастар ақшалай сыйлықтар табысталды

/
Ақтөбе облысында үздік жастар ақшалай сыйлықтар табысталды
gov.kz

Өңір басшысы Асхат Шахаров халықаралық ареналарда зор жетістікке жеткен ақтөбелік жастарды құттықтады. Кездесуге халықаралық білім олимпиадаларының күміс және қола жүлдегерлері – Аңсар Жақсылық пен Ерқанат Кеңшілік, сондай-ақ Афинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген грек-рим күресінен әлем чемпионы Қуанышбек Жаңажол қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы қай саланы болмасын жан-жақты дамытуға, соның ішінде ғылым мен спортты қолдауға ерекше мән беріп келеді. Себебі еліміздің болашағы – білімді, дені сау, рухы мықты жастардың қолында. Ақтөбе облысы ғылым мен спортта Қазақстанды әлемге танытып жүрген зияткер жандар мен чемпиондар ұрпағын тәрбиелеуді жалғастыруда. Сіздер – қазақстандық жастардың ғылым мен спортта зор жетістіктерге жете алатынын дәлелдейтін жарқын үлгі болып отырсыздар. Бүгінгі табандылықпен жеткен жетістіктеріңіз – тек жеке жеңіс қана емес, бүкіл өңіріміздің, халқымыздың ортақ мерейі. Жеткен жетістіктеріңіз замандастарыңызға шабыт сыйлайды, күш береді және еліміздің жарқын болашағына деген сенімді нығайтады. Біз сіздермен мақтанамыз және алдағы уақытта әлі де көптеген жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенеміз», – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында жас чемпиондар жетістікке жету жолдарын баяндап, жеңіске қалай қол жеткізгендерін, дайындыққа қаншалықты күш пен уақыт жұмсағандарын, қиын сәттерде кім қолдау көрсеткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық құрамасына енген сәттегі алғашқы әсерлері – қуаныш, толқу, жауапкершілік сезімдерімен бөлісті.

Грек-рим күресінен әлем чемпионы Қуанышбек Жаңажол Болгария, Молдова, Иран және Қырғызстаннан келген қарсыластарын ойсырата жеңіп, жарыста топ жарды. Ол Олимпиада ойындарында жеңіске жетуді армандайтынын айтып, осы мақсатта күн сайын тынымсыз жаттығатынын жеткізді.

Химия пәні бойынша халықаралық олимпиаданың (IChO) күміс жүлдегері Аңсар Жақсылық жетістікке жетуіне жүйелі жұмыс, тәлімгерлердің қолдауы мен өзінің мақсат қоя білгендігі көмектескенін айтты. Ол дарынды балаларға арналған «Бiлiм-инновация» мамандандырылған лицей-интернатында оқиды. Аңсар – республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, болашақта ғылым саласында еңбек етіп, елге пайда әкелуді армандайды.

Математика пәні бойынша халықаралық олимпиаданың (IMO) қола жүлдегері Ерқанат Кеңшілік – дарынды балаларға арналған «Бiлiм-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының түлегі. Ол Албания, Иран және Якутияда өткен олимпиадаларда жеңіске жетіп, ондаған марапатқа ие болған. Облыс әкімімен әңгіме барысында Ерқанат бұл жетістіктерге күнделікті тынымсыз еңбектің және пәнге деген сүйіспеншіліктің арқасында қол жеткізгенін сөз етті.

Кездесу барысында чемпиондардың ата-аналары мен мұғалімдеріне де жылы лебіздер айтылып, олардың бала тәрбиесіне қосқан үлесі мен еңбегі үшін облыс әкімінің атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары облыс әкімінің алғыс хаттары және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары