30 шілде күні Павлодар қаласында әйел бір жарым және бес жастағы балаларын бесінші қабаттың терезесінен лақтырып, соңынан өзі секіріп кеткен болатын. Бір жарым жастағы бала ауруханада көз жұмған еді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгін Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы тірі қалған бала мен анасының жағдайы туралы мәлімдеді.
«Бес жастағы балаға қатысты жамбастың сүйектерінің сынуына байланысты қатаң төсек режимі сақталады. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Баланың қасында күтім жасаушы туысы бар», – деп хабарлады басқарма.
Ведомствоның мәліметінше, ананың жағдайы да орташа ауыр деп бағалануда. 1 тамызда оны политравма бөліміне ауыстырған.
Алдын ала деректер бойынша, әйел арнайы медициналық мекемеде есепте тұрған. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.