2025 жылдың тамыз айы Қазақстанда бірқатар заңнамалық, әлеуметтік және экономикалық өзгерістермен басталады, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
1 тамыздан бастап қандай өзгерістер күшіне енетіні жайлы төменде тарқатып жаздық.
Сұйытылған газдың бағасы көтеріледі
Энергетика министрлігінің мәліметінше, сұйытылған мұнай газын өндіру шығыны тоннасына 70-80 мың теңгеге жеткен. Ал шекті баға 51 932 теңге болып қалған. Соның салдарынан зауыттар шығынға батып, өндірістен бас тарту қаупі туған. Осыған байланысты сұйытылған газдың бөлшек бағасы 1 тамыздан бастап түзетілді.
АҚШ кейбір қазақстандық өнімге баж салығын енгізеді
1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстан экспортының бір бөлігіне 25% көлемінде баж салығын енгізеді. Мұнай, уран және металл өнімдерінен басқа, фосфор, оптикалық линзалар секілді тауарларға қатысты салық алынады. Бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етуі мүмкін.
Тұрғын үй нарығында қолма-қол есеп айырысуға тыйым салынады
1 тамыздан бастап үлестік құрылыс бойынша тек банк арқылы есеп айырысуға рұқсат етіледі. Қолма-қол төлем заңсыз саналады. Ұлттық банк бұл шараны қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз ету үшін енгізіп отыр.
ChatGPT Plus қымбаттайды
OpenAI 1 тамыздан бастап Қазақстанда ҚҚС енгізді. Жазылым бағасы 20 доллардан 22,40 долларға дейін өседі. Салық тек БСН көрсетпеген жеке тұлғаларға қолданылады. Заңды тұлғалар мен ЖК ҚҚС төлеуден босатылады.
Beeline комиссия ұстайды. Beeline қолданушылары өз қосымшасы арқылы басқа операторларға ақша аударғанда (Kcell, Activ, Tele2, Altel) 0,5% комиссия төлейді. Мысалы, 1000 теңге жіберсеңіз, 5 теңге комиссия ұсталады. "Мобайл Телеком-Сервис" брендіне тиесілі кейбір тарифтерге жаңа интернет пакеттер мен минуттар қосылды. Бұл өзгерістер тамызда күшіне енді және тұтынушылар үшін қосымша шығын болуы мүмкін.
Газ баллондарын тіркеу міндеттеледі.
Тұрмыстық газ баллондар бірегей кодпен немесе иесінің тауарлық белгісімен сәйкестендіріліп, арнайы ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс. Бұл жүйеге мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар мен газ құю пункттері енгізеді.
Спорттық жарыстарда жас шектеуі бекітілді
1 тамыздан бастап Қазақстанда 45 спорт түрі бойынша жарыстарға қатысудың ең төменгі жас мөлшері белгіленді. Мысалы, бокс – 13 жас, футбол – 8 жас, спорттық гимнастика – 5 жастан басталады.
Ауыл шаруашылығы санағы басталды
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтеді. 1-31 тамыз аралығында онлайн сауалнама жүргізіледі. 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер үйлерді аралайды. Санақ 2 млн үй шаруашылығын және 300 мың ауыл кәсіпкерін қамтиды.
Президент стипендиясы тағайындалды
2025 жылға 1080 студентке және 8 магистрантқа Президент стипендиясы тағайындалады. Бұл стипендия бакалавриатта 3-курстан, магистратурада 2-оқу жылынан бастап беріледі.
Әлеуметтік-қаржылық өзгерістер
Несиені кейінге қалдыру ережесі өзгереді Әлеуметтік осал топтарға және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға несие төлемін 3 айға дейін шегеру мүмкіндігі беріледі. Бұл үшін табыстың 30%-дан астамға азайғаны құжатпен дәлелденуі тиіс. Жаңа ережелер 31 тамыздан бастап күшіне енеді.
10-20 тамыз аралығы Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді 10–20 тамыз аралығында ҰБТ қайта тапсыру кезеңі өтеді. Электронды форматта – 10-20 тамыз аралығы, қағаз форматта – 17-20 тамыз аралығы. Ақылы педагогикалық бағыттарға түсуге ниеттілер де қатыса алады.
30 тамыз – Конституция күні. Қанша күн демаламыз?
Биыл Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толады. 30 тамыз – ресми мереке. Бұл күн сенбіге түсетіндіктен, демалыс 1 қыркүйек, дүйсенбіге ауыстырылады.
5 күндік жұмыс аптасы: 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек – демалыс.
6 күндік жұмыс аптасы: 30-31 тамыз – демалыс, 1 қыркүйек – жұмыс күні.
Тамызда ауа райы қандай болады?
Тамыз жауынмен басталады "Қазгидромет" мәліметінше, циклон әсерінен найзағайлы жаңбыр жауады. Кей өңірде бұршақ болуы мүмкін. 2 тамыздан бастап антициклон әсері күшейіп, солтүстікте ауа температурасы 15-20 градусқа дейін төмендейді. Қуаңшылық қаупі бар Жамбыл, Түркістан, Алматы, Абай, Қарағанды, Қызылорда облыстарының кей өңірлерінде орташа деңгейдегі құрғақшылық күтіледі. Павлодар мен СҚО-да ылғал жағдайы нормаға жақын.
Астанада Дженнифер Лопес келеді
Дженнифер Лопес Қазақстанда концерт береді 1 тамыз – Астана, "Астана Арена" стадионы 10 тамыз – Алматы, Орталық стадион Әлемдік тур аясындағы бұл концерттер шоу-индустриядағы ең үлкен шаралардың бірі болмақ. "Астана концерт" продюсерлік орталығының басшысы Мәлік Хасеновтің мәліметінше, "Астана Аренада" өтетін шоуға 25 мың адам жиналады.