Павлодарда әйел екі баласын лақтырып, соңынан өзі секірген: Дәрігерлер олардың жағдайы туралы айтты

/
Павлодарда әйел екі баласын лақтырып, соңынан өзі секірген: Дәрігерлер олардың жағдайы туралы айтты
Фото: t.me/tv24kz_rus

Павлодар облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, 2024 жылы туған бала қабылдау бөліміне клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Реанимациялық іс-шаралардан кейін ол реанимация бөліміне жатқызылған, - деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жағдайы 3-дәрежелі травматикалық шокқа байланысты аса ауыр, есі 3-деңгейлі комада. Балада кең көлемді бас-ми жарақаты, бас сүйегінің көп жерінен сынуы, ми соғылуы, ішкі ағзалардың контузиясы бар», – деп хабарлады медициналық мекеме.

2017 жылы туған үлкен бала да ауыр жарақат алған: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, жамбас сүйегінің сынуы және ішкі ағзалары зақымданған. Жағдайы ауыр, ол да реанимацияда.

Павлодардың №1 қалалық ауруханасының мәліметінше, зардап шеккен 1991 жылғы әйел есін біледі, бірақ дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

«Диагнозы: жабық бас-ми жарақаты, қол-аяқтың көптеген сынуы. Науқас реанимация бөлімінде интенсивті терапия алуда», – деп хабарлады аурухана.

Бұған дейін әйелдің бесінші қабаттан екі баласын лақтырып жіберіп, артынан өзі секіргені хабарланған болатын. Олар көпқабатты үйдің кіреберісіндегі шатырға құлаған.

Қазір адам өлтіруге оқталу және өзін-өзі өлтіруге итермелеу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары