Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров бір жылдық үзілістен кейін кәсіби боксқа қайта оралмақ, - деп хабарлайды turkystan.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Боксшының айтуынша, келесі жекпе-жегі 5 қыркүйекте Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.
«Барлығы жақсы. Қазір жекпе-жекке дайындық жүріп жатыр. 5 қыркүйекте рейтингтік жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. Әзірге қарсылас белгісіз. Бұл турнирде Әли Ахмедов, Балауса Мұздыман және тағы басқа жігіттер де жұдырықтасады», – деді Тұраров.
Егер 5 қыркүйекте бәрі ойдағыдай өтсе, жыл соңына дейін титул үшін жекпе-жек өткізбек.
«Әрі қарай әлемдік ірі промоутерлермен келіссөздер жүреді. Қалай болатынын көреміз. Жыл соңына қарай тағы бір жекпе-жек жоспарлап отырмыз, бірақ бұл жолы белбеу үшін. Қазір рейтингтік жекпе-жек, содан кейін желтоқсанға қарай титулдық жекпе-жек», – деп толықтырды Тұраров.