Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Манжерок қаласында (Алтай Республикасы) өткен бірінші Халықаралық экологиялық конференцияда Каспий теңізінің таяздану проблемасын аймақтың негізгі сын-қатерлерінің бірі ретінде атап өтті.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов экологиялық қауіпсіздік әлемдік «жасыл» күн тәртібінің бір бөлігі ғана емес, кез келген елдің орнықты дамуы үшін маңызды шарт екенін айтты.
Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар жүйелі түрде қабылданады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде ол ауқымды экологиялық қозғалысқа және қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Табиғатқа, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл бастама аясында табиғи аумақтарды, су қоймаларының жағалауларын тазарту және ағаш отырғызу бойынша экоакциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Сондай-ақ, Үкімет экологиялық заңнаманы жаңғыртуда, табиғат қорғау саласына озық технологияларды енгізуде, экологиялық бақылауды цифрландыруда. Биоалуантүрлілікті қорғау қоры құрылуда, ерекше қорғалатын аумақтар желісі дамытылуда, тоғай бұғысы, құлан, арқар, қарақұйрық және қар барысы сияқты сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің популяциясы қалпына келтірілуде. Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын реинтродукциялау жұмыстары жүргізілуде.
Олжас Бектенов Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне назар аудартып, Каспий маңы мемлекеттері арасындағы аймақтық өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.
«2000-шы жылдардың басынан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғалымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттерінің батыл үйлестірілген іс-қимылы қажет», — деді Премьер-министр.
Су тақырыбына қатысты сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов Арал маңындағы жағдайға да назар аударды. Бүгінде Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарады. Елімізде оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, Көкарал бөгеті нығайтылуда, Сырдария сағасы қайта қалпына келтірілуде, балық саласын қолдау және бұрынғы теңіздің кеуіп қалған түбін көгалдандыру бойынша жобалар іске асырылуда.
Премьер-министр, сондай-ақ, мұздықтарды сақтауға бағытталған жұмыстардың да маңыздылығын атап өтті. Сарапшылардың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азия мұздықтарының көлемі айтарлықтай кішірейеді. Осыған байланысты Қазақстан Президентінің бастамасымен Эр-Рияд саммитінде мұздықтарды зерттеу және қорғау бойынша күш-жігерді біріктіретін «Су мұнаралары серіктестігін» құру ұсынылды. Алматыда ЮНЕСКО қамқорлығымен құрылып, өңірлік зерттеулердің жетекші платформасына айналған Орталық Азиялық өңірлік гляциологиялық орталық жұмыс істеп тұр.
Бұл ретте Қазақстанның су қоймаларын реттеуден бастап суды есепке алуды автоматтандыруға дейінгі бірлескен гидротехникалық жобаларды іске асыруға дайын екендігі атап өтілді.
Премьер-министр форум өтіп жатқан орынның символдық мәніне де назар аудартты. Алтай өлкесі - түркі өркениетінің бесігі, әрі мәдени-гуманитарлық өзара әріптестіктің маңызды элементі.
Пленарлық отырысқа Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Премьер-министрі Адылбек Касымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нокергулы Атагулыев қатысты. Жиында Каспийдің таяздануы, мұздықтардың еруі және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерімен қатар қоршаған ортаны қорғау саласында заманауи технологияларды қолдану, су ресурстарын басқаруға инновациялық шешімдерді енгізу және трансшекаралық экотуризмді дамыту жайы талқыланды.