Полицейлер 14 шілдеде Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының маңында далалықта бұланға ұқсас жабайы жануарды сойып жатқан ер адамды анықтады.
Тексеру барысында 30 жастағы ауыл тұрғыны заңсыз аңшылықпен айналысып, бұланды атып алғанын айтты.
Күдіктінің Lada-21214 автокөлігінен тіркелген ойық ұңғылы карабин қаруы табылып, тәркіленді.
Полиция заңсыз аңшылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Автокөлік құралы аудандық полиция бөлімінің аумағына қойылды. Заңсыз аңшылық үшін күдікті мүлкі тәркілену мүмкіндігімен, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылуы мүмкін.
Полиция азаматтарды қоршаған ортаны қорғау заңнамасын сақтауға, табиғатқа құрметпен қарауға және жануарлар дүниесін қорғауға шақырады. Тәртіп сақшылары браконьерлік фактілері анықталған жағдайда, дереу полицияға хабарласуға шақырады.