«Жайық» волейбол клубы Орталық Азия чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды

«Жайық» волейбол клубы Орталық Азия чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды

Волейболдан Қазақстан чемпионатының биылғы маусымдағы жеңімпазы – «Жайық» волейбол клубы 17-23 шілде аралығында Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында өтетін Орталық Азия чемпиондар лигасына қатысады.

Қазақстан Волейбол федерациясының мәліметінше, биылғы халықаралық додаға 5 елден 6 команда қатыспақ. Бұл турнир – сары құрлықтағы беделді турнирлердің біріне жатады .

Қазақстанның атынан сынға түсетін «Жайық» командасын елімізге танымал, тәжірибелі бапкер Виктор Козик жаттықтырады. Команда негізін биылғы ел чемпионатында жеңіске жеткен ойыншылар құрайды – негізгі құрамнан 8 волейболшы турнирге қатысады.

Сонымен қатар, Қазақстанның жетекші клубтарынан бірнеше мықты спортшылар шақырту алды. Атап айтқанда:

• Сергей Кузнецов, Клим Рюхов – «Буревестник» (Алматы)

• Қадырхан Нодирханов – «Ақтөбе»

• Петр Чурзин – «Атырау» (Орал волейболының түлегі)

«Жайық» клубы турнирдегі алғашқы ойынын 17 шілде күні өткізеді. Қарсылас – Шри-Ланканың беделді ұжымы, «Ports Authority» командасы.

Бұл жарыс – тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар ел намысын қорғау миссиясы. Бұған дейін Қазақстан ерлер құрамасы Израиль мен Иран арасындағы геосаяси жағдайға байланысты Бахрейнде өтетін Ұлттар кубогына қатыса алмаған еді. Енді бұл жауапкершілікті отандық аренада сәтті өнер көрсеткен «Жайық» командасы арқалап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары