8 шілдеде ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясынан келген делегацияның қатысуымен ресми іс-шара өтті.
Ресми кездесуде тараптар жоғары технологияларды трансферлеу, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту және инновациялық инфрақұрылымды құру бағыттарындағы бірлескен бастамаларды іске асырудыталқылады.
Бұл жиын 2025 жылғы маусымда Астанада өткен «Қытай - Орталық Азия» екінші саммитінде қабылданған стратегиялық шешімдердің жалғасы ретінде ұйымдастырылды және трансұлттық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа форматына көшуге жол ашты.
Іс-шараның ресми ашылуы ҚР Президентініңжанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ. Күрішбаевтың алғы сөзінен басталды. Академия Президенті өз сөзінде:«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде алдағы 2026 жыл – ғылым мен білім жылы деп жарияланды.
Бұл шешім біз үшін басты бағдар қана емес, сонымен қатар жаңа істерге ынталандырушы күшке айналды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы осы бағытта бірқатар нақты қадамдарды жүзеге асыруда. Соның жарқын мысалы – Қазақстан-Қытай кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасының құрылуы.
Бұл жоба қазақстандық және қытайлық жетекші ғалымдарды, оның ішінде Чжэцзян технологиялық университеті мен Сіздердің провинцияларыңыздағы инновациялық компанияларды біріктіруде. Бұл жай ғана ғылыми нысан емес — бұл өзара сенімнің, құрметтің, сонымен бірге болашаққа деген ортақ көзқарасқа негізделген тең құқықты трансұлттық серіктестіктің бірегей үлгісі. Бүгін біз осы зертхананың ресми таныстырылымын өткіздік.
Біз осы табысты бастамаларды Қытайдың ең қарқынды дамып келе жатқан, әрі технологиялық жағынан озық өңірлерінің бірі — Чжэцзян провинциясындағы стратегиялық серіктестерімізбен бірлесіп іске асыратын боламыз.
Сонымен қатар Чжэцзян провинциясының Алматы облысымен және Алматы қаласымен ынтымақтастығы аса маңызды. Осында еліміздің жетекші университеттері, ғылыми орталықтары, технопарктері шоғырланған, оның ішінде Almaty Hub пен «Алатау» арнайы экономикалық зонасын ерекше атауға болады. Біздің бірлескен зертханамыз дәл осы жерде орналасқан және дәл осы жерде болашақта Еуразиялық ғылыми-технологиялық кластердің іргетасы қалануы әбден мүмкін», - деп атап өтті
Кездесудің маңызды нәтижесі — Чжэцзян технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Құжат аясында Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллекттің халықаралық институтын құру көзделіп отыр. Институт қос диплом бағдарламалары бойынша жыл сайын 60-қа жуық маман даярлайды.
Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және орнықты даму зертханасы ресми түрде таныстырылды.
Зертхананың негізгі бағыты — жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және Жерді қашықтан зондтау технологиялары. Бұл технологиялар төтенше жағдайларды болжау, табиғи ресурстарды мониторингтеу, су және энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ жалпы тұрақты дамуды қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Іс-шараға Алматы облысы әкімініңорынбасары, Чжэцзян провинциясынан келгенделегация (ЖОО бірінші басшылары, жоғары технологиялық компаниялардың басшылары), академиктер, ҚР жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының бірінші басшылары,жетекші отандық ғалымдар және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.