"500 жыл беймәлім болған": Британдық тіс дәрігері да Винчи салған әйгілі суреттің құпиясын ашты

/
"500 жыл беймәлім болған": Британдық тіс дәрігері да Винчи салған әйгілі суреттің құпиясын ашты
сурет: GLOBAL LOOK PRESS

«Витрувиандық адам» бейнесіне жасалған жаңа талдау Ренессанс дәуірінің данышпаны Леонардо да Винчидің адам денесін бейнелеуде табиғат пен геометрия үйлесімін терең меңгергенін дәлелдеді. Бұл жаңалықты Лондоннан шыққан стоматолог Рори Мак Суини ашып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz DailyMail-ге сілтеме жасап.

Да Винчи 1490 жылдар шамасында салған «Витрувиандық адам» – бір мезетте шеңбер мен шаршы ішіне сыйғызылған адамның бірнеше қозғалыс қалпын бейнелейтін сурет. Бұл туынды Леонардоның антикалық инженер Марк Витрувий Поллион еңбектеріне негізделіп, адам денесінің пропорцияларын храм архитектурасымен салыстыра зерттеуінен туған.

Алайда Витрувий ұсынған геометриялық қағидаларды нақты қалай іске асыру керектігі белгісіз болып келген. Да Винчи көрнекі түрде бұл идеяны көрсеткенімен, өз әдісін жазбаша түсіндіріп қалдырмаған. Ғалымдар ғасырлар бойы «алтын қима» теориясын қоса алғанда, түрлі болжамдар ұсынып келді, бірақ олар адам пішінінің нақты өлшемдерін толық ашып бермеді.

Рори Мак Суини жасаған жаңалық осы құпияны алғаш рет нанымды түрде түсіндіреді. Ол суреттегі адамның аяқтарының төменгі бөлігінде орналасқан, бұрын байқалмаған тең қабырғалы үшбұрышты анықтаған. Бұл үшбұрыш Леонардоның суретке қосқан жазбаларында да айтылған. Қызығы, бұл пішін қазіргі медициналық анатомияда белгілі Бонвилль үшбұрышына ұқсайды – ол тіс пен жақ құрылымының кілт элементі саналады.

Осы геометриялық элементті ескере отырып, ғалым квадрат қабырғасы мен шеңбер радиусы арасындағы нақты қатынасты есептеп шығарған, ол шамамен 1,64-1,65, ал бұл табиғаттағы органикалық құрылымдарға тән әмбебап пропорцияға (шамамен 1,633) өте жақын.

Мак Суинидің айтуынша, бұл сәйкестік кездейсоқ емес, керісінше Леонардо да Винчидің тірі ағза құрылымын математикалық деңгейде терең ұғынғанын дәлелдейді.

«Да Винчи салған геометриялық құрылым – адам пішініндегі кеңістіктік үйлесімділігінің көрінісі, ол табиғат пен адамның арасындағы бірлікті дәл жеткізген», – дейді зерттеуші.

Бұл жаңалық тек тарихи сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, стоматология, ортопедия және бет пішінін қалпына келтіру салаларында жаңа ғылыми тәсілдердің дамуына жол ашуы мүмкін. Сонымен қатар Ренессанс өнеріндегі жасырын заңдылықтарды зерттеу ғылымда тың жаңалықтарға алып келуі ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар Леонардо да Винчи әулетінің қазіргі 15 ұрпағын анықтаған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары