«AMANAT» партиясы БҚО-дағы шекара бекетін жаңғырту жұмыстарын бақылауға алды

«AMANAT» партиясы БҚО-дағы шекара бекетін жаңғырту жұмыстарын бақылауға алды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында шекара маңында орналасқан елді мекендердің жағдайы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер ететінін атап өтіп, аталған өңірлерді дамыту жұмыстарын белсенді түрде жалғастыру қажет екенін тапсырған болатын. Бүгінде шекара маңындағы елді мекендерде бірқатар жұмыстар қолға алынды.

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұханбетов пен Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекара бекетіне барып, шекарашылармен кездесті.

«Сырым» шекара бекеті – Батыс Қазақстандағы ірі шекаралық аймақтың бірі. Бұл жерден күніне 3000-ға жуық көлік өтеді. Соның ішінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі тұрғындарға едәуір қолайсыздық тудырып отыр. Осы түйткілді мәселені «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бірнеше мәрте Мәжіліс қабырғасында көтеріп, шекара бекетін қайта жаңғырту және жолақтарды кеңейту жұмыстарының басталуына себепкер болды.

Бекетке арнайы барған депутаттар қайта жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы партия бақылауында болатынын жеткізді.

«Бұл жерден әр бағыттардан келетін жүк көліктері өтеді. Аймақтағы автомобиль жолын кеңейту мәселесі көптен көтеріліп келе жүрген мәселе. Өткен жылы өңірге келгенде де осы проблеманы естіген болатынбыз. Бұл жұмыстың маңыздылығын әркез назарда ұстап келеміз. Бүгінде тиісті қаражат бөлініп, дайындық жұмыстары басталды. Ендігі міндет – бұл жұмыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұханбетов.

Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген кезде «Сырым» шекара бекеті жартылай жабылып, тек жүк көліктері ғана өткізіледі. Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар Тасқала, Шаған және Ақсай өткізу пункттері арқылы өтетін болады.

«Қазір «Сырым» бекеті арқылы тек жүк көліктері өткізіледі. Олар электронды кезекпен өтеді. Көлік ағынын БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті реттеп отырады», – деп түсіндірді БҚО бойынша Шекара қызметі департаменті бастығының бірінші орынбасары Сухраб Мусаев.

Жоспарға сәйкес, «Сырым» шекара бекеті қайта жаңғыртудан кейін 12 жолаққа дейін кеңейтіледі. Сондай-ақ мұнда әкімшілік ғимарат, көліктерді тереңдетіп тексеруге арналған ангар, қызметтік көліктерге арналған гараж, шекаралық бақылау өткізу пункті, инспекциялық-тексеру кешені және көкөніс қоймасы салынады.

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің БҚО филиалының басшысы Асылбек Марданның айтуынша, құрылысқа дайындық жұмыстары қазіргі таңда белсенді түрде жүргізілуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары