«Бұл – банкроттық емес, бүкіл салаға жасалған қысым»: «AMANAT» депутаттары «Қазақстандық авиациялық индустрияның» жағдайын бақылауға алды

/
«Бұл – банкроттық емес, бүкіл салаға жасалған қысым»: «AMANAT» депутаттары «Қазақстандық авиациялық индустрияның» жағдайын бақылауға алды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Әскери авиацияның техникалық дайындығы тікелей тәуелді стратегиялық маңызы бар кәсіпорынның жабылып қалу қаупі бар. «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС – еліміздегі жалғыз авиациялық-техникалық орталық. Ол 2024 жылғы ақпан айынан бері дағдарысқа ұшыруда. Қызметкерлердің 85 пайыздан астамы жұмыссыз отыр, жалақы алмайды, шетелде білім алған мамандар кәсіпорыннан кетіп жатыр. Кәсіпорынның есепшоттары бұғатталып, мүлкіне тыйым салынды, өндіріс тоқтады. Ангарлардағы алты ұшақ бес жыл бойы орнынан қозғалған жоқ.

Дегенмен, қаржылық кедергілерге, жаңа мемлекеттік тапсырыстардың болмауына қарамастан, зауыт маңызды міндеттерді орындады: 2024 жылы 6 ұшақ қалпына келтірілді; авиациялық қозғалтқыштар жөнделіп, Қорғаныс министрлігіне берілді. Соңғысының нәтижесінде қазақстандық авиация ШЫҰ саммитіне қатысты. Сонымен қатар жабдықтар мен техниканы шетелден қайтару жұмысы жүргізілді  және тағы да басқа қадамдар жасалды. Алайда зауыттың одан әрі жұмыс істемей қалу қаупі бар: болашағы бұлыңғыр кәсіпорын өз құзыретінен де, инфрақұрылымын да, кадрларын да айырылуда.

Қызметкерлердің және кәсіби қоғамдастықтың өтініші бойынша, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Павел Казанцев, Дүйсенбай Тұрғанов, Самат Нұртаза, Татьяна Савельева, Марат Башимов, Снежанна Имашева және Дәулет Тұрлыханов, сондай-ақ мәжілісмен Дәулет Мұқаев 1 шілдеде кәсіпорынға барды. Депутаттар ұжыммен кездесу өткізді, өндіріс қуатымен танысты және мамандармен әңгімелесті. Кәсіпорында мамандар да, ангарлар да, сертификатталған жабдықтар да, инфрақұрылым да бар. Тек, ең басты дүние – мемлекеттік қолдау мен кәсіпорынның тағдырына қатысты нақты шешім жоқ. Депутаттар дәл осы мәселені бейінді ведомстволар деңгейінде көтеруге ниетті.

– Мемлекет басшысы нақты айтты: өндіріс қуатын күшейту, шағын авиацияны дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау қажет. Осы тапсырмаларды орындауға қажет дүниенің бәрі бар. Алайда бүгінде зауыт қабілетсіздігінен емес, оны тығырыққа тірегендіктен жұмыс істемей тұр. Тапсырыстардың болмауы, бұғаттаулар мен тыйым салулар, жер дауы, уақытында жабуға мүмкіндік берілмеген қарыздар – бұл экономика емес, бұл қарапайым ұйымшылдықтың жоқтығы. Қазақстандық техниканы әуеге көтеріп, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайта алатын кәсіпорынның ведомстволық кемшіліктерге байланысты жабылып қалуына жол бермейміз. Біз бұл мәселені Парламентте бұған дейін де көтерген едік. Енді, міндеттемелер мен мерзімдер айқындалған нақты шешімге қол жеткіземіз, – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев.

Өз кезегінде, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС бас директоры Қайрат Жауханов зауыт жылына онға жуық күрделі жөндеу жұмысын жүргізе алатынын және оны іс жүзінде дәлелдегенін атап өтті. Алайда бүгінге дейін орындалған тапсырыстар бойынша есеп айырысу, жаңа келісімшарттар жасасу жұмысы қолға алынбаған, шоттар үнемі бұғатталып тұрған жағдайда, тіпті ең заманауи инфрақұрылым да бос ангарларға айналады.

– Біз жеңілдік беруді сұрамаймыз. Біз жұмыс істеу құқығын сұрап отырмыз. Міне, осы зауытта еліміз ондаған жыл бойы дайындаған кадрлар жиналды. Мұнда бәрі бар – жабдықтар, құзыреттер, өндірістік тізбектер. Біз қазірдің өзінде жүзден астам маманнан айырылдық. Егер ештеңе өзгермесе, зауыттан айырыламыз. Ал онымен бірге қазақстандық авиаөнеркәсіптің негізін де жоғалтып алуымыз мүмкін, – деді ол.

Атап айтқанда, 2024 жылғы қаңтар айынан бастап, бүгінге дейін кәсіпорыннан кеткен 164 қызметкердің 76-сы – жоғары білікті өндіріс персоналы, олардың арасында шетелдік авиакомпанияларда даярлықтан өткен қызметкерлер де бар. Соған қарамастан, зауыт маңызды міндеттерді орындауды жалғастыруда. 2024 жылы Қорғаныс министрлігіне 13 авиациялық қозғалтқыш берілді. Былтыр Польшада жөнделген бір ұшақ қайтарылды. Жөндеуден өткен екінші ұшақ – әлі күнге дейін шетелде. Себебі кәсіпорында оны қайтарып алатын қаражат жоқ. Зауыт аумағында Грузиядан жеткізілген төрт Су-25 мүлкі тұр. Кәсіпорынның кедендік баждарды төлеуге қаражаты болмағандықтан, олар пайдалануға берілмей тұр. Бұл техникалар бес жыл бойы әуеге көтерілген жоқ.

Ұлттық ұланмен арадағы жер дауы күрделі жағдайды ушықтыра түсуде. Бұған дейін 3656 әскери бөлімі «КАИ» ЖШС-нен үй-жайлар мен инфрақұрылымды жалға алған болатын. Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін, олар ұшу жолағы мен перронның бір бөлігін құқық белгілейтін құжаттарсыз пайдалануды жалғастырды. Сот әскери бөлімнің жағына шықты. Сонымен қатар 2025 жылы мамыр айында Астана қаласы әкімдігі Ұлттық ұланның қажеттілігі үшін зауыттың 1,6 гектар жер аумағын алып қою туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге қатысты наразылық білдірілуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында авиацияны дамыту және өңірлік аэрохабтар құру міндетін қойды. 2024 жылы Қызылордада жаңа терминал ашылды. Арқалықта әуежайды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылуда. Алайда бұл техникаларды жақсы жағдайда ұстай алатын зауыт болмаса, авиациялық егемендік идеясы тек қағаз жүзінде қалады.

Авиациялық логистиканы дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, технологиялық дербестікті қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген стратегиялық мақсаттар. Депутаттар қаржыландыру көзін іздеуде, мемлекеттік тапсырыстар мен өндірістік базаны қорғау тетігін талқылауда. Бұл проблема депутаттық сауал жолдауға, сондай-ақ барлық мүдделі тарапты тарта отырып, «AMANAT» партиясының алаңында тақырыптық талқылау өткізуге негіз болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары