Белгілі әнші Жолдасбек Әбдіханов ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Бұл туралы өнер иесінің көмекшісі Әділет мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, әнші тұрғын үйдегі лифтте қатты соққы алған.
«1 апта бұрын (25. 06 2025) Жолдасбек Абдиханов отбасы үшін күтпеген ауыр жағдай болды. Көпқабатты үйдің лифті кенеттен техникалық ақауға байланысты тоқтап, қатты сілкініс болған. Бір сәттік соққыдан мойын және омыртқа аймағына зақым келіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Алғашқы диагноз – омыртқа-аралық дискі қозғалысы, жүйке қысылуы, мойын-бел жарақаты. Бұл – жеңіл жарақат емес. Қозғала алмауы, бас айналуы, сөйлеу қиындықтары бар.
Қазір толық тыныштықта, арнайы аппаратпен емделіп жатыр. Дәрігерлер 4–6 айға дейін белсенді жұмысқа, сахнаға рұқсат бермеді.
Соған байланысты барлық шығармашылық жұмыстары уақытша тоқтатылды. Біз оның тез сауығып, халық алдына қайта шығатынына сенеміз. Сіздердің дұғаларыңыз ауадай қажет.
Жоспарланған, уәделескен жұмыстары тоқтап қалғаны үшін — баршаңыздан кешірім сұраймыз», — делінген жазбада.