Оралдық оқушылар халықаралық жарыста екінші орын алды

/
Оралдық оқушылар халықаралық жарыста екінші орын алды
Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі

Орал қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған команда халықаралық робототехникадан екінші орынды қанжығалады. Бұл туралы білім ордасының баспасөз қызметі хабарлады.

Байрақты бәсеке 13-15 маусым күндері АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Вустер қаласында орналасқан Worcester Polytechnic Institute базасында ұйымдастырылды.

Сайыстың нәтижесі бойынша оралдық Tidal Tumble командасы «Engineering Excellence Awards» аталымы бойынша екінші орынды, «Robot Performance» аталымында алтыншы орын иеленіп, жүлдегер атанды. Команда сабында өнер көрсеткен Серік Әлихан, Назар Таир, Сейтенов Адлет, Сериков Ильяс, Уашев Таир, Беркін Нұрымхан, Сериков Адильхан, Төреқожа Фаррух және Абдрахманов Азат «Agua Aeris» атты ауадан су өндіру құрылғысын жаһандық ғалымдарға таныстырды.

AquaAeris — бұл ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге арналған инновациялық жоба. Құрылғы ауадан ішуге жарамды суды өндіре отырып, әлемнің кез келген нүктесінде сенімді әрі экологиялық таза су көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл құрылғы ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге көмектесіп, суасты әлеміне түсетін жүктемені азайтпақ.

Команданың ғылыми жетекшісі - Назарбаев Зияткерлік мектебінің IT маманы және робототехника үйірмесінің жетекшісі Армат Мақсотов. Педагог мектепте жеті жылдай жұмыс істейді. Оның жетекшілігімен Назарбаев зияткерлік мектебінің құрама командасының жеткен жетістіктері көп.

АҚШ-тың Массачусетс штатында өткен жарысқа 108 елден келген 650-ге тарта команда  қатысты. Олар жобалары мен инновациядық идеяларын ортаға салды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары