Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жезқазғанда жасалған ер адамды өлтіру және оның денесін бөлшектеу ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алқа билер соты Жезқазған тұрғынын өлтірді деп айыпталған ер мен әйел адамды кінәлі деп танып, әрқайсысына 20 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қылмыс 2025 жылғы 29 қаңтарда Байқоңыров көшесіндегі пәтерлердің бірінде болған. Айыпталушылар – ер мен әйел – жәбірленушімен бірге алкоголь ішкен. Сағат 23:00 шамасында мас күйде олар ер адамға шабуыл жасаған: айыпталушы ер адам оның басы мен кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұққан, ал әйел мойнына соққы жасаған. Алынған жарақаттар салдарынан 40 жастағы Жезқазған тұрғыны оқиға орнында көз жұмған.
«Кейін, қылмыстың ізін жасыру мақсатында айыпталушылар мәйітті бөлшектеп, көрпеге орап, қалдықтарды қоқыс контейнеріне тастаған», – деп хабарлады сотта.
Марқұмның денесін жергілікті тұрғындар тауып алған. Олардың айтуынша, ер адамның аяқтары кесілген. Марқұмның артында әйелі мен балалары қалды.
Айыпталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған. Алайда іс алқа билердің қатысуымен қаралып, олар айыптау үкімін шығарды.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Әрбір сотталушыдан моральдық зиян үшін 5 000 000 теңгеден, сондай-ақ материалдық шығынды өтеу үшін 535 995 теңге өндірілді.