2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) анықтау әдістемесін қайта қарау жоспарланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ең төменгі жалақыны медиандық жалақы негізінде есептеу кезінде оның қаншалықты өсуі мүмкін екенін қаржы министрі Мәди Такиев айтып берді.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджет ЕТЖ-ны арттыруға қауқарлы.
"ЕТЖ шегі бойынша қазір есептеу жүргізіліп жатыр. Бұл іспен Еңбек және Экономика министрліктері айналысуда, соңғы үш жылдағы орташа өсім ескерілуде. Сондықтан шамамен, менің ойымша, 90 мың теңгеден сәл асады. Бірақ есептеулер әлі жүріп жатыр", – деді Мәди Такиев парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ЕТЖ-ны анықтау әдістемесін қайта қарау жоспарлануда. Жаңа ең төменгі жалақының мөлшері барлық зерттеулерден кейін белгілі болады. Олар жыл соңына дейін аяқталып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ ұлғайтылады.
Биыл ЕТЖ – 85 мың теңге, ал медиандық жалақы – 300 мың теңге.