Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов алдағы Астанада өтетін әлем кубогіне дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
"Жалпы өзімді жақсы сезініп тұрмын, дайындығымыз да жоғары деңгейде өтті. Қазіргі сәтте бірлескен оқу-жаттығу жиынының өткендігі – біз үшін үлкен артықшылық болды. Менің ойымша, өте жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін, бар күшімізді саламыз. Жарыс өз елімізде өтетін болған соң, жауапкершілік те жоғары. Сонымен бірге жанкүйерлердің алдында өнер көрсету – ерекше қуаныш. Бұл бізге өзімізді, қабілетімізді, неге дайын екенімізді көрсетуге тамаша мүмкіндік.
Шаршы алаңдағы әр спортшы – жай ғана қарсылас. Біз ешкімді әлем чемпионы немесе Олимпиада жеңімпазы деп ерекше бөліп қарамаймыз. Бұл біз үшін басты көрсеткіш емес. Басты мақсат – әлем чемпионаты мен Олимпиадада топ жару.
Сондықтан біз тек жеңіске ұмтылып қана қоймай, көрерменге ұнайтын әдемі бокс үлгісін көрсетуге де тырысамыз.
30 маусым мен 7 шілде аралығында елордада бокстан Әлем кубогінің кезеңі өтеді", – дейді боксшы.