Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Италияда ота жасатып, қазір жағдайы жақсы екенін жеткізді, деп хабарлады turkystan.kz.
Елдос Сметов денсаулығына алаңдаушылық білдірген оқырмандарына алғысын айтты.
«Құрметті Қазақ елі! Мені уайымдам, алаңдаушылық білдіріп жатқандарыңызға рахмет! Италияның Рим қаласында иығыма ота жасатқаным рас. Аллаға шүкір, бәрі жақсы өтті. Өздеріңіз бұрыннан білесіздер Олимпиадаға дейін де иығымның жарақаты, ұсақ жарақаттарым жиі мазалайтын. Қазір денсаулығыма толық көңіл бөлгенді және толық ем қабылдағанды жөн көрдім. Алла жазса, 2-3 айдан кейін жаттығу, ал жарыстарға - келесі жылдың басында қосылуға ниеттімін. Карьерасын аяқтады деп сүйіншілегендерге де сәлем жолдаймын. Мен әлі сары нашивкамен татамиге шығып күресетін боламын», - деді Олимпиада чемпионы.
Желі қолданушылары спортшыға жылы лебіздерін білдірді.
«Алла шипа берсін. Сен әлемге қазақты танытқан батырсың!», «Алла шипа берсін, Елдосжан. Қазақ халқының бағына жүзге жетіп, жақсы, жеңімпаз шәкірттер тәрбиелей бер», «2028 жылы бұйырса алтын әпересің», - деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.