Президент құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесін өзгертуді тапсырды

Президент құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесін өзгертуді тапсырды
ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек екеніне назар аударды.

«Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс», – дейді Мемлекет басшысы.
 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады.


«Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді», – дейді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары