«Таза бейсенбі» акциясы экологиялық тәрбиенің тұрақты құралына айналуға тиіс – «AMANAT»

/
«Таза бейсенбі» акциясы экологиялық тәрбиенің тұрақты құралына айналуға тиіс – «AMANAT»
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды «Таза бейсенбі» экологиялық бастамасын жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Шымкент қаласында бұл жолғы акция Қаратау ауданында өтті. Қалалық және аудандық партия филиалдарының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанаты мен коммуналдық қызмет мамандарынан құралған 70-тен астам адам көпқабатты үйлердің аулаларын қоқыстан тазартып, арамшөптерді шауып, қураған бұтақтарды кесіп ретке келтірді. Жыл басынан бері шаһардан 17 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 2000-нан аса адам акцияға белсене қатысты.

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауылында жаңа тоған жағалауы қоқыстан тазартылды. «Федоровка» бастауыш партия ұйымының белсенділері экологияны сақтауға сүбелі үлес қосты.

Түркістан облысының Түлкібас ауданында, Т. Рысқұлов ауылының Күншуақ шағын ауданында ауқымды тазарту жұмыстары өтті. Аудандық филиалдың бастамасымен және коммуналдық қызметтердің қолдауымен көше, аула, балалар алаңдары тазартылып, ирригациялық каналдар ретке келтірілді, ағаштар кесіліп, жалпы бір тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«Тазалық – бұл тек сыртқы көрініс емес, бұл қоғамның мәдени деңгейінің айнасы. Егер ауылдарымызда тәртіп сақтасақ, келер ұрпаққа жарқын болашақ пен жайлы орта қалдырамыз. “Таза бейсенбі” акциясы экологиялық тәрбиенің тұрақты құралына айналуға тиіс», – деді аудандық филиалдың жетекшісі Ержан Жүнісов.

Ұлытау облысында өткен акцияға аудандық партия филиалының қызметкерлері, «Жасыл ел» және бастауыш партия ұйымдардың өкілдері қатысты. Қоғамдық кеңістіктер тазартылып, ағаштар отырғызылып, гүлзарлар абаттандырылды. Филиалдың атқарушы хатшысы Думан Жұмановтың айтуынша, мұндай шараларды жүйелі өткізу аймақтағы қоқыс көлемінің азаюына әсер етіп отыр.

Маңғыстау облысында Қарақия ауданының Жетібай ауылында өткен іс-шара барысында коммуналдық қызметтердің көмегімен қоқыс үйінділері мен құрылыс қалдықтары тазартылды.

Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Анар және Анаркөл ауылдарында жергілікті тұрғындар шөп шауып, ақпараттық стендтерді жаңартып, ғимараттардың сыртын ақтап, айналаны қоқыстан тазартты. Іс-шараға ауыл жастары да белсене атсалысты.

Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма кентінде өткен «Таза бейсенбіге» Алтай аудандық партия филиалының өкілдері қатысты. 60-тан астам тұрғын, еріктілер мен жастар орталық көшелер мен скверлерді тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл өңірде «Таза бейсенбі» игі дәстүрге айналып, туған жерге деген қамқорлықтың көрінісіне айналып отыр.

Жамбыл облысында партияның Жамбыл аудандық филиалы Аса ауылы маңындағы өзен жағалауында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Пластик қалдықтар, бөтелкелер мен тұрмыстық қоқыстар жиналды. Бұл іс-шара тек тазалық жұмысы ғана емес, жас буын үшін экологиялық жауапкершілік сабағы болды.

Қарағанды облысының Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылындағы Шортанбай жырау көшесінде өткен акция барысында белсенділер жол жиегіндегі бордюрлерді ақтап, қоқыс жинады.

«Мақсатымыз — жай ғана тазалық емес, әрбір адамның экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру», — деді партия өкілі Жайдарлы Ахметова.

Атырау облысының Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында игі бастама аясында аудандық филиал ғимараты мен маңайы тазаланып, ретке келтірілді. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың табиғатқа ұқыпты қарауға баулу мен экологиялық ойлауды дамыту үшін маңыздылығын атап өтті.

«AMANAT» партиясы экологиялық мәдениетті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру үшін «Таза бейсенбі» бастамасын одан әрі қолдап, жүйелі түрде жалғастыра береді.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы алты айында «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық өңірінде 20 реттен аса ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында 600-ден астам ластанған аумақ – саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, тарихи-мәдени нысандар тазартылды. Акцияға 14 мыңға жуық адам қатысып, 2 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары