Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді – Тоқаев

Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді – Тоқаев
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретінін айтты.

– Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын растады.

– Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары