«Заң мен тәртіп» қағидаты – мемлекеттің күші үкімдердің санымен емес, халықтың сенімімен өлшенетін болашаққа апаратын жол. Бас прокурор Берік Асылов бұл тұжырымдаманың маңызы туралы «Egemen Qazaqstan»газетіне берген көлемді сұхбатында айтты.
Бас прокурордың айтуынша, «Заң мен тәртіп» – Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасы. Бұл – Ата Заңымыздың мәнін ашатын тұжырым. Конституциямызда ең жоғарғы құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылған.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық – ізгілік пен әділеттілік өнері» деген сөздің терең мағынасына мән беріп, «Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет екенін» ерекше атап өтті. Меніңше, бұл идеологиялық тұжырым – қоғамдық асыл мұраттарды, әсіресе мәдени, адамгершілік, отбасылық, рухани және діни құндылықтарды, сондай-ақ еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу, меншік пен кәсіпкерлік бостандығы сияқты конституциялық кепілдіктерді сақтау қажеттілігін білдіреді. Сонымен қатар табиғатқа және қоршаған ортаға деген қамқорлық та осы қатарда тұруға тиіс. Сондықтан «Заң мен тәртіп» – жай ғана құқықтық ұғымдар емес, қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, елдің гүлденуіне бастайтын өмірлік бағдарлар.
Аталған қағидаларды ілгерілету мақсатында Үкімет осы жылы алдағы 5 жылға арналған арнайы тұжырымдаманы бекітті. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, олардың құқықтық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуы, заң бұзушылықтарға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру. Прокуратура – осы жұмыстың негізгі қатысушысы және үйлестірушісі. Біз заңдылық пен тәртіп қағидаларын кешенді түрде жүзеге асырып келеміз. Бұл бағытта мүдделі органдар мен ұйымдармен бірлесіп Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен нақты шаралар қабылданып жатыр. Барлық атқарылған іс-шаралар заң үстемдігін нығайтуға, мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыруға бағытталған. Ең бастысы – азаматтардың конституциялық құқықтарын, адал кәсіпкерлік пен мемлекеттің мүдделерін қорғау.
Азаматтардың, әсіресе балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің жақсы мысалдары бар. Биылдың өзінде біздің актілерімізбен 28 мың баланың пайдасына тек алимент бойынша 22 млрд теңге өтелді. Балалар үйінің 366 түлегі мен әлеуметтік осал санаттағы 108 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2,3 мың қызметкерге 2,2 млрд теңге жалақы берешегі өндірілді", – дейді Берік Асылов.
Берік Асылов «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы тұжырымдама мемлекеттің күші үкімдердің санымен емес, халықтың сенімімен өлшенетін болашаққа апаратын жол екенін баса айтты.
"Ал қоғамдық сана қолдамаса, ешбір заң тиімді жұмыс істемейді. Сондықтан бірінен бірін ажыратып қарауға болмайды. Заңды сақтау – жазадан қорқу емес, әр адамның ішкі сенімі. Заңды барлығы құрметтесе, қоғамда әділдік пен қауіпсіздік сезімі пайда болады. Әркім кез келген заң бұзушылыққа лайықты жауап беруі, мүлдем төзбеушілік танытуға тиіс. Себебі азамат болу – тек құқық емес, міндет екенін тағы бір мәрте айта кеткім келеді.
Заң барлығына ортақ, ал құқықтық сана әр адамның табиғи қасиеті болуы қажет. Иә, бұл жол – оңай емес. Дегенмен көп жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын нығайтты. Прокуратура тек құқық қолдану саласында емес, жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасауда да өзгеру жолына түсті. Біз кері байланысты нығайтып, тек қадағалау шараларымен айналыспай, құқық бұзушылықтарды алдын алуға баса назар аударып отырмыз. Аталған іске өз үлесін қосып жатқан азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Бұл қоғамның кемелденіп келе жатқандығын көрсетеді.
Жалпы алғанда, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға әрбір азамат, әр ұйым және барлық мемлекеттік орган тартылуға тиіс. Әр қадамды мықты институттары мен жауапты азаматтары бар құқықтық мемлекет құруға салынған инвестиция ретінде қабылдау қажет. Сондықтан алда әлі атқарылар іс көп. Мұнда ең бастысы – іс-қимылдардың бірлігі, ортақ көзқарас пен өзара жауапкершілік. Біз бұл жұмысты табанды әрі жүйелі түрде жалғастырамыз", – деді Бас прокурор.