207
Демалыс күні дәрігер қабылдай ма?
Демалыс күні дәрігер қабылдай ма?
Осы түйткіл бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәселеге көтерген еді. Оның айтуынша, мейрам күндері, демалыстарда емханалар есігін тарс жауып, қандай науқас болса да қабылдамайды. Бұл туралы Егемен Қазақстан газетінде жарияланды.
− Жаңа жыл алдында облыстағы ең ірі аурухананың дәрігерін шақырып алып, сөйлестім, − дейді Д.Ахметов. − Сендер неге үш-төрт күн бойы халықты қабылдамайсыңдар? «Мереке ғой, Даниал Кенжетайұлы», дейді әлгі бас дәрігер арқаны кеңге салып. Сонда 31 желтоқсанда операция жасатқан сырқат, қалған төрт күн бойы дәрігерлердің қарауында болмауы керек пе?! Сол сияқты 8 наурызда Өскемендегі Оңалту орталығында болдым. Емханада кезекші дәрігерден басқа жан көрінбейді. «Неге ешкім жоқ?» деген сұрағыма:
«Мереке», деп тақ етіп жауап берді. Осы жағдайды өзге де ауруханалардан көрдім. Конституцияның 29-бабы бойынша ел азаматтары денсаулықтарын емдетуге құқылы. Ал демалыс және мереке күндері дәрігерлер жұмысқа шықпасын деген мораторийді кім шығарып отыр? Медицина мекемелері облыстың бюджетінен халық үшін қажетінше қаржыландырылады. Бұл қалай? Облыс басшысының осы ескертпесінен кейін Өскемен мен Семей қалаларындағы ірі емханалардың жұмыстары тексерілді. «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалдары тексерген кезде белгілі болғандай, дәрігерлер мереке, демалыс күндері халыққа ем-дом қызметтерін көрсетуден бас тартады екен. Бұл − республиканың біраз өңірлеріне тән көрініс. Тіпті, дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен адам өміріне қауіп төнген жағдайлар кездескен. Дәрігерлер сөзі «қиналып бара жатсаңдар, «жедел жәрдем» шақырыңдар», дегенге саятын көрінеді. Әрине, мейрам күндері адамдар демалуы керек. Бірақ, демалыс күндері еңбек еткен дәрігерлерге жалақы төлеу керектігі жөнінде де заңнама бар ғой, дейді облыс басшысы. Қатаң тапсырма Семейге де жетті. Қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, қалалық қоғамдық кеңес жетекшісінің орынбасары Жанна Жибраева Ұлыстың ұлы күніндегі демалыс күндерінде қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің қызметін тексеруден өткізді. Емханалардың алдында жұмыс кестесінің орнына қаптаған қоқыс, шаң басқан үстелдер тексеру тобын қарсы алыпты. Облыс әкімі дәрігерлер демалыс күндері кем дегенде сағат 9.00-ден түскі 13.00-ге дейін қызмет көрсетуі керек деген еді. Бірақ, емханаларда адам жоқ. Қадағалаушылар тобы ең алдымен, қаланың сол жағалауында орналасқан №19 емхананы тексерді. Ем-шара бөлмесінде бір кезекші дәрігер ғана отыр екен. Мекемеге қанша халық қарайды? Қанша зейнеткер, жұмыс істеуші, ересектер қауымы тіркелімде тұр? Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі халыққа қалай түсіндіріліп жатыр? – деді Н.Шарова. Бірақ, жауап берген адам жоқ.