Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалуға ақша жинайтын жалған сервистерден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
ҚМДБ құрбан шалу рәсімін оңайлату және әділ ұйымдастыру мақсатында qurban.muftyat.kz ресми онлайн платформасын іске қосқан болатын. Бұл сайт арқылы құрбандық шалғысы келген әр азамат құрбандық малын таңдап, қаражатты қауіпсіз түрде аудара алады.
Құрбан шалу рәсімін оңайлату үшін ҚМДБ тарапынан жасалған игі бастаманы теріс мақсатта қолданып, түрлі алаяқтық әрекеттері орын алуы ықтимал. Осы себепті еліміздің азаматтарын қорғау мақсатында маңызды ескерту жасаймыз: Құрбан айт мерекесі кезінде өздерінің теріс мақсаттарын жүзеге асыру үшін кейбір белгісіз азаматтар мен ұйымдар жалған құрбандық сайттарын ашып, халықты адастырып, құрбандыққа аударған қаражаттарын өзге мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан баршаңызды абай болуға шақырамыз, - деп жазылған ҚМДБ хабарламасында.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тек сенімді ресми платформа арқылы құрбандық шалуға шақырады.
Күмәнді сайттар мен беймәлім адамдардың ұсыныстарынан сақ болыңыздар. Бұл сіздің қаражатыңыз бен ниетіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы. Алла Тағала баршаңыздың құрбандықтарыңызды қабыл етіп, ізгі ниеттеріңізді арттырсын!, - делінген хабарламада.