«Менің Туым – менің мақтанышым!»: «AMANAT» ұйымдастырған акцияға 60-қа жуық бала қатысты

/
«Менің Туым – менің мақтанышым!»: «AMANAT» ұйымдастырған акцияға 60-қа жуық бала қатысты
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты отбасы институтын нығайту және оның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында «Балаңа уақыт арна» акциясын жария еткені белгілі. Ата-аналардың балаларға көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасау, балалардың жазғы демалыс кезеңінің қызықты өтуіне ықпал ету, балғын балалық шақтың бақытты болуына мүмкіндіктерді кеңейту – партиямыз айқындаған негізгі басымдықтың бірі.

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен, Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында «Балаңа уақыт арна» акциясы аясындағы «Ақылды бала» іс-шарасы өтті. Ата-аналар мен балалар арасындағы терең рухани байланыстардың қуатты болуын қамтуға арналған іс-шараның өтуіне партияның облыстық филиалы төрағасының Әйелдер қанаты бойынша кеңесшісі, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева мұрындық болды.

«Отбасы – қоғамның тірегі. Ата-аналардың балалармен уақыт өткізуіне себебші болу, ең жақын адамдар арасында ортақ қызығушылықтарды арттыру, оларды өмірдің жарқын сәттерінде әрдайым бірге болуға ынталандыру, жас өскінді жасампаздық рухта тәрбиелеу – баршамыз атқаруымыз керек қастерлі міндет. Отан – отбасыдан басталады. Бүгін Отаншыл азаматтардың мерекесі. Мемлекеттік рәміздер – ұлт болып ұйысуымыздың басты белгілері. Қазақстан – бәрімізге ортақ қасиетті шаңырақ. Көк Туымыз – ашық аспанымыздың кепілі. Елтаңбамыз – тарих пен дәстүр сабақтастығының символы. Гимніміз – асқақ елдік пен ерліктің нышаны. Мемлекетіміздің ұстыны болып табылатын рәміздерге деген қадір-құрметімз – отбасыдан басталады», – деп атап өтті Қалыйма Жантөреқызы.

Мерекелік іс-шарада Түркістан қалалық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова сөз алып, балалар мен олардың ата-аналарын Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады. Отбасы тәрбиесінің маңыздылығы айтылды, баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтау, жас буынды білім мен шығармашылыққа баулу, оларды еңбек құндылықтарына тәрбиелеу – ата-ана мен қоғамның ең басты парызы деп байыпталды.

Іс-шараға қатысқан 60-қа жуық бала мен олардың ата-аналары шығармашылық үйірмелер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Мүсін және керамика үйірмесінде балалар «Елтаңба ізімен» тақырыбы бойынша саздан Елтаңба үлгілерін және ою-өрнекті медальондар жасап шығарды. Сурет үйірмесінде балақайлар «Менің Туым – менің мақтанышым!» тақырыбында Мемлекет Туды шығармашылығына арқау етті. «Туған елге – өз қолыңмен сый» тақырыптық аппликациялар, қағаздан шағын Ту мен Елтаңбаны балалар «Шебер қолдар» үйірмесінде жасап шығарды. Сондай-ақ жас өскіндер шахматтан «Ақылдылар елі» сайысына қатысса, домбыра үйірмесіне қатысушылар «Күймен тербелген көк байрақ» париоттық күйлер орындаудан жарысқа түсті. Ермексазбен мүсіндеу үйірмесінде шағын рәміздік мүсіндер жасап шығарды.

Іс-шараға қатысқан ата-аналар балалардың тұлғалық дамуына серпін беретін бастаманы өткізуге ұйытқы болған  «AMANAT» партиясына ризашылықтарын білдірді.

«Менің немерем мектеп жанындағы таэквондо үйірмесіне қатысады. Жазғы демалыс кезеңінде күннің астында бос жүрмесін деп бүгінгі іс-шараға қатыстырып отырмын. Оқушылар сарайында балаларымыздың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Немеремнің осындағы үйірмелерге қызығушылығы артып отыр. Мектепің де, Оқушылар сарайының да жұмысына ата-ана ретінде көңілім толады», – дейді бастауыш сыныпта оқитын немересін іс-шараға алып келген Алтынкүл Мыңжанқызы.

Облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты отбасы құндылықтарын ілгерілету, әйел азаматтардың құқықтарын сақтау, олардың мүдделерін қорғау, қыз-келіншектердің азаматық бастамаларына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын одан әрі жүйелі түрде жалғастыра беретін болады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары