Орал қаласында жедел іздестіру іс-шаралары барысында жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұстағандардың қылмыстық әрекеті белгілі болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 51 жастағы әйел 2024 жылдың наурызынан биылғы мамырға дейін қаладағы сауналардың бірінің аумағында ақшалай сыйақыға интимдік қызмет көрсету үшін арнайы орын ұстаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Бұдан бөлек, осы мерзімде екі әйел адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырған. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің бірі уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Сондай-ақ алдын ала сөз байласып, притон ұйымдастырды деген күдікпен тағы алты әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл дерек бойынша Абай полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде. Аталған қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрі ҚР Заңына сәйкес жауапқа тартылады, - деп хабарлады ведомстводан.