Алматы әуежайында не болып жатыр

/
Алматы әуежайында не болып жатыр
istockphoto

1 маусым күні FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Шымкент бағытындағы рейсі кешігіп, жанжалмен аяқталды, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Компанияның мәліметінше, Алматы әуежайындағы жоғары жүктемеге байланысты бірнеше рейс кейінге шегерілген. Соның ішінде №7107 рейсті орындауға дайын тұрған ұшаққа қосымша жанармай құю қажет болды.

Алайда рейстің ұшпай ұзақ тұруына жолаушылардың бірі себеп болған. Компанияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, ол азамат сапардан бас тартып, өзін деструктивті түрде ұстаған. Нәтижесінде ұшақ екі сағаттан астам кідіріп, барлық жолаушылар борттан шығарылып, қауіпсіздік шаралары қайта өткізілген.

— Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, жолаушылардың барлығы ұшақтан түсірілді, содан кейін әуе кемесіне толық тексеру жүргізілді. Күтіп тұрған жолаушыларға су және тамақ ваучерлері ұсынылды. FlyArystan компаниясы үшін қауіпсіздік – басты басымдық. Барлық белгіленген ережелер қатаң сақталады, — делінген ресми хабарламада.

Рейс ақыры шамамен сағат 18:00-де ұшты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде оқиғаның куәгерлері борттағы ұзақ күтуден кейін жанжал туындап, кейбір жолаушылардың полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлаған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін де FlyArystan әуе компаниясы Астана – Шымкент рейсінің кешігуіне байланысты түсініктеме берген еді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары